Павлодар облысында жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарлама іске қосылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Zhas-Halyk. Ertis» 30 жасқа дейінгі бизнесмендерге арналған және оларға кепілсіз 15 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің Telegram прақшасының мәліметінше, жаңа жобаның іске қосылғаны туралы шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері жөніндегі кеңес барысында жарияланған.

Жұмыс кездесуін ашқан Павлодар облысының әкімі «Арай» сауда үйіндегі өрт кезінде мүлкі зардап шеккен жалға алушыларға барынша қолдау көрсетуді талап етті. Өрт 11 қазаннан 12 қазанға қараған түні орын алып, 1,5 мың шаршы метрге жуық сауда алаңын жойған болатын.

- Павлодар қаласының әкіміне кәсіпкерлік және сауда басқармасымен бірлесіп, келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды және зардап шеккен кәсіпкерлерге жәрдем көрсету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Бұл мәселені ерекше бақылауға алу керек.


Шағын және орта бизнесті қолдау шараларын іске асыру туралы баяндаған кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Медет Шоқанов бастауын нақты біздің өңірден алған жас кәсіпкерлерге көмек көрсету жөніндегі жаңа бағдарламаның іске қосылуы туралы айтып берді.

Павлодар облысының әкімдігі мен Halyk Bank бірлескен жобасы «Zhas-Halyk. Ertis» деген атауға ие болды. Оның мақсатты аудиториясы – жеті жылға дейін жылдық 5% мөлшерлемемен 15 миллион теңгеге дейін кепілсіз кредит алуға үмітті 30 жасқа дейінгі кәсіпкерлер.

- Несие алуға өтінім беру үшін әлеуетті қатысушылар 26 қазанға дейін zhashalyk.kz порталында өтініш беруі қажет, - деді Медет Шоқанов. - 1-2 қарашада біздің басқарма құрамындағы комиссия, «Халық Банкі» мен «Атамекен» палатасының өңірлік филиалдарының және «Даму» қорының өкілдері мәлімделген пулды қарап, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. Ұсынылатын өтінімдер саны бойынша лимит белгілеуді ұсынамыз: Павлодар үшін - 50 өтінім, Екібастұз үшін - 30, Ақсу үшін - 20, ал аудандар үшін-5 өтінімнен.

Жеңілдікті несие қызықты жаңа бизнес-идея ұсынатын және оны негіздей алатын кәсіпкерлерге беріледі.

- Берілген несиелердің тиімділігін қадағалау маңызды,-деп тапсырманы айқындады Павлодар облысының әкімі. - Бағдарламаны іске асыру үшін көзделген қаржыландырудың жаңа жобаны бастауға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдау үшін мақсатты пайдаланылуын бақылау қажет. Өңірде шағын және орта бизнесті қолдау үшін шағын индустриялық аймақтар (ШИА) құру қажет. Олардың мәні кәсіпкерлер өндірістік үй-жайларды жалға ақысыз пайдалануға алатынында.

Бүгінде облыста осындай тоғыз аймақ жұмыс істейді. Тағы төрт шағын индустриялық аймақ - Павлодар, Успен, Ақтоғай және Павлодар аудандарында осы жылдың соңына дейін іске қосылмақ.

Өңір басшысы шағын және орта бизнес субъектілерінің ашылуын кешіктірмеуді тапсырды. Нәтижесінде олар 75 бизнес-жобаны немесе 100-ден астам жаңа жұмыс орнын қамтуы тиіс.

- Аудан орталықтарында да, ауылдарда да бос үй-жайлар бар - оларды дұрыс пайдалану қажет, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. - Бизнесмендермен, ісін жаңа бастап отырған кәсіпкерлермен барлық мәселелерді жергілікті жерлерде пысықтап, шағын индустриялық аймақтарды іске қосыңыздар.

Сондай-ақ өңірде шағын қаржы ұйымдарын құрумен айналысуда. Естеріңізге сала кетейік, бизнес-қауымдастық өңір басшысымен жақында өткен кездесу кезінде мұндай ұйымдардың қажет екенін айтқан болатын.

Сонымен қатар Медет Шоқанов «Бизнестің жол картасы» (БЖК), «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру барысы туралы хабарлады.

Биыл БЖК аясында мемлекеттік гранттарға қосымша қаражат бөлінді. Бүгінде үш бағдарлама бойынша 36 млрд теңгеге 500-ден астам жоба қолдау тапты. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен үш есе артық.

Әбілқайыр Сқақов шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерінде уақыт оздыруға болмайтынын атап өтті.

Бүгінгі таңда ШОБ саласында өңірдің 130 мыңнан астам тұрғыны жұмыс істейді және әкімдік пен басқа да тараптар кәсіпкерлермен өзара табысты іс-қимыл жасаған жағдайда бұл сан айтарлықтай артуы мүмкін, деп түйіндеді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар