Павлодар облысында төрт жылда 400 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірде алдағы төрт жылда 400 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Нұрғазина мәлім етті.

«Бүгінде Павлодар облысында инвестициялардың аймақтық жалпы ішкі өнімге үлесі 17 пайызды құрайды. 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша инвестициялар 15,7 пайызға өсіп, 351,7 миллиард теңгеге жетті. Оның 75 пайызы жеке инвестицияларға тиесілі»,- деді Ботагөз Нұрғазина.

Спикердің айтуынша, инвестициялардың өсіміне жаңа жобалардың іске қосылуы сеп. Биылғы жылы екі ірі инвестициялық жоба бойынша жұмыстар аяқталған. Біріншісі – Ақсу ферроқорытпа зауытындағы 64-ші пештің жаңғыртылуы. Нысан іске қосылған соң феррохром өндірісі шамамен 11 пайызға артты. Екінші жоба – «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ-дағы №5 энергоблоктың құрылысы. Оны іске қосу электр станциясының қуаттылығын 25 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. Осы жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 80 миллиард теңгеден асқан. Желтоқсан айында кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 20,9 млн теңгелік тағы екі жобаны іске қосу көзделген.

«Алдағы төрт жылға шақталған инвестициялық портфельде 13 жобаның тобы жасақталды. Инвестициялар көлемі – 400 миллиард теңгеден астам. Шамамен 5 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Облыста «Павлодар» АЭА табысты дамуда. Оған инвесторлардың қызығушылығы мол», - деп атап өтті Ботагөз Нұрғазина.
Соңғы жаңалықтар