Павлодар облысында орман тәлімбағы қайта ашылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында орман тәлімбағы қайта ашылады. Ол қала аумағын көгалдандыру үшін жыл сайын өңірге 12 млн-ға жуық көшет жеткізе алады деген болжам бар, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жоба туралы облыстық әкімдікте өткен экологиялық кеңестің отырысында белгілі болды.

«Біз тұрақты орман тәлімбағын 1990 жылдан бері жұмыс істемейтін базада саламыз , - деді облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев. - Оның ауданы 91 гектардан асады. Павлодар ауылында орналасқан. Біз бұл тәлімбақты қайта жандандыруды жоспарлап отырмыз. Жоба бұрыннан әзірленген, бірақ қазір қосымша түзетулерді талап етеді. Тәлімбақ жыл сайын біздің орман қорғау мекемелеріне 12 млн-ға жуық көшет жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, біз үш орман шаруашылығының отырғызу материалына қажеттілігін жаба аламыз».

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, тұрғын үй және жол құрылысы кезінде кесілген ағаштарды өтеу үшін көшеттер әрдайым қажет болады.

«Тәлімбақ тұрақты болуы керек. Өйткені көгалдандыру мәселесіне жүйелі түрде қарау керек», - деп атап өтті облыс әкімі.

Осы отырыста Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жаңа жасыл желектерді отырғызу бойынша кешенді жоспар ұсынылды.

Жер қойнауын пайдалану басқармасының басшысы жобаның бірден үш бағыты бар екенін атап өтті. Бұл - мемлекеттік орман қорын, санитарлық-қорғау аймақтарын, сондай-ақ елді мекендер ішіндегі саябақтар, скверлер мен көшелерді көгалдандыру.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік қордың жалпы ауданы қазір 478 мың гектарды құрайды, оның 267,5 мыңы орманмен қамтылған. Отырғызу жоспарына сәйкес, бес жыл ішінде 19 мың гектардан астам аумаққа 95 миллионнан астам жасыл екпе отырғызу арқылы бұл аумақты жеті пайызға ұлғайту жоспарлануда. Оның ішінде қарағай көшеттерін Баянауыл ұлттық паркі мен «Ертіс Орманы» табиғи резерваты жеткізетін болады.

Сонымен қатар, қалалар мен аудан орталықтарының әкімдіктері биыл 102 мыңнан астам көшет отырғызуы керек, оның 40 мыңы үш қалаға тиесілі.

Павлодарда төрт саябақ пен сквер көгалдандырылады, сондай – ақ көшеттер жаңа жағалауда - «Қаз қонақ» ескерткішінен бастап теміржол көпіріне дейін және облыс орталығының ірі көшелері бойында пайда болады.

Екібастұз бен Ақсу қалаларында жас ағаштар автожолдардың бойында, скверлер мен әлеуметтік нысандардың жанында пайда болады.

Сонымен қатар, Павлодар облысы 24 сәуірден бастап «Таза табиғат» республикалық экологиялық жобасына қосылады. Акция аясында Қазақстан өңірлерінде үш миллиардқа жуық ағаш пен бұта көшеттерін отырғызу жоспарлануда.

Жоба көгалдандыруды ғана емес, сонымен қатар су қоймалары мен бұлақтарды тазартуды да қамтиды.

Республикалық акция аясында Павлодар облысында 12 мың ағаш пен бұта егіледі: қайың, қарағаш, шетен, сібір шыршасы, қарағай және пирамидалық терек.

Қатысушылар волонтерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, экоактивистер, мемлекеттік қызметкерлер, оқушылар, студенттер және кәсіпорын қызметкерлері болады.


Соңғы жаңалықтар