Павлодар облысында құсы қырылған тұрғындарға 83,2 млн теңге төленеді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат –Павлодар облысында құс тұмауынан жойылған құстары үшін тұрғындарға 83,2 млн теңге төленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.


Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Рашид Нұрбеков мәлім етті.
- Облысымызда 5 ауданның 7 ауылында жоғары патогенді құс тұмауы анықталды. Карантиндік шаралар жүргізілуде. 126 367 құс иелерінен алынып, жойылды. 3163 бас құс өлді. Өңірімізге 503 мың доза вакцина жеткізілді. 400 мың бастан астам құс егілді. Бүгінде эпизоотиялық жағдай тұрақты, - деді Рашид Нұрбеков.

Павлодар облысында құс тұмауы Ақтоғай және Баянауыл ауылында, Тереңкөл ауданында Жаңақұрылыс ауылы, Ертіс ауданында – Ағашорын, Железин ауданында Ақтау, Жаңажұлдыз, Озерное ауылдарында тіркелді.
Рашид Нұрбековтың айтуынша, статистика комитетінің ресми сайтында құстардың бағасы бекітілген. Қаз – 6500 тг, үйрек – 3516 тг, тауық – 1187,5 тг, күркетауық – 5000 тг болып бағаланған.
- Қазіргі уақытта төлем жасау үшін құжат жинау жүргізілуде. Толық құжат Ертіс, Тереңкөл, Железин аудандарында дайын. Тұрғындар жойылған құстары тіркелген шаруашылық кітапшасының көшірмесін, дербес шоттарын тапсыруы тиіс. Құжаттар елордадағы бас кеңсеге жеткеннен кейін 2-3 күн ішінде қаржы жіберіледі. Біздің облыс осы аптада төлемдерді ала бастайды деп ойлаймын. Есеп бойынша облысымызда жойылған құстар үшін 83,2 миллион теңге төленеді, - деді Рашид Нұрбеков.

Павлодар облысы ауыл шаруашылығының басқармасы басшысының орынбасары Марат Апсалықовтың сөзіне қарағанда, өңірде соңғы құс өлімі 28 қыркүйек күні тіркелген. Вациналарды егу алдымен шекарадағы аудандардан басталды, бүгінде соңғы екі аудан қалған.


Соңғы жаңалықтар