Павлодар облысында күніне 200 адам тұмау және пневмониямен ауруханаға түседі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта өңірдегі уақытша орындарда 1231 науқас жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz ресурсына сілтеме жасап.

Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмаилов мәлім етті.

«Бүгінде облысымыздағы инфекциялық стационарларда COVID-19 анықталған 209 адам жатыр, - деді Біржан Досмаилов. – Оның 5-і – бала. 21 адамның жағдайы ауыр. 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өте ауыр жағдайда 2 адам бар. 130 адамның жағдайы орташа болса, 58 адам қанағаттанарлық жағдайда».

Біржан Досмаиловтың айтуынша, уақытша қарау орындарында ЖРВИ және пневмонияға шалдыққан 1231 адам бар. Кешегі күннің өзінде 221 адам түскен. 1231 адамның 26-сы – бала. 74 науқас ауыр жағдайда, 36 адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Бүгінде облыстағы инфекциялық стационарлардағы орындар 80,4 пайызға, уақытша қарау орындары 99 пайызға толған. Қосымша орын дайындау және жағдайы жақсарғандарды шығару мәселесі қарастырылуда.

«Қазір өңірімізде күніне 200 адам ауруханаға түсуде, - деді Біржан Досмаилов. – Сондықтан тұрғындарды барынша санитарлық талаптарды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауын сұраймыз. Қазіргі кезде дәрігерлерге өте ауыр жүк түсіп отыр. Өзіміздің де, жақындарымыздың да денсаулығын сақтау үшін мұқият болайық. Өкінішке қарай, ауру анықталған кез келген адамды ауруханаға қабылдай алмаймыз. Орын тапшылығынан тек ауыр жағдайдағы адамдарды жатқызуға мәжбүрміз».

Басқарма басшысы дәрі тапшылығын да атап өтіп, тұрғындар өзін-өзі емдеумен айналыспауы керектігін айтты.

«Жедел жәрдем алмаса, аурухана қабылдамаса адамдарда байбалам басталып, өзін-өзі емдеуге көшеді. Олай әрекет етпеу керек. Аурудың белгісі шықса дәрігерлер міндетті түрде қарап, емдеу шараларын тағайындайды. Сұрақ туындаса, кез келген аурухананың байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс жасайды. Қосымша 109 немесе 103 нөміріне хабарласуға болады. Өкінішке қарай, науқастар өте көп түскендіктен дәрімен қамтамасыз ету жоспардағыдан көп мөлшерде жүруде. Сондықтан жеткізушілер де уақытында үлгермей жатыр. Салдарынан дәріханаларда да дәрі тапшылығы байқалуда» деп ескертті Біржан Досмаилов.


Соңғы жаңалықтар