Павлодар облысында қоныс аударушыларды қабылдау квотасы 100 пайызға орындалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Биыл Павлодар облысында қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 100 пайызға орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірге ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 1365 адам қоныстанған.
Еңбек күшін көшіру елдің барлық жұмыс күші артық өңірлерінен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Алматыдан 531 адам, Түркістан – 492, Жамбыл – 135, Қызылорда – 67, Маңғыстау – 18, және Нұр-Сұлтан – 124, Алматы – 34 және Шымкенттен 145 адам көшіп келген.
Қоныс аударушылардың 60 пайызы облыстың ауылдық аймақтарында орналасты.
- Қоныс аударушылар қатарында еңбекке қабілетті жастағы 835 адам, 691 бала және 20 зейнеткер бар. Павлодар облысына көшкеннен кейін еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылардың 625-сі немесе 75 пайызы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Өңір кадрларына деген қажеттілікке сәйкес облысқа білім беру және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мамандар көп келді, - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында.

82 мұғалім, 43 медицина қызметкері, 48 механизатор, 48 аспаз және де бухгалтерлер, электр газбен дәнекерлеушілер, тәрбиешілер, ветеринария дәрігерлері, заңгерлер, аграршылар, электриктер, тігіншілер, мәдениет қызметкерлері, техниктер және тағы да басқа мамандық иелері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Павлодар қаласына қоныс аударушылардың бірі – Алматы облысы, Қаскелең қаласынан келген Асылқан Қизатов.
- Бұл өңірге шілде айында отбасыммен қоныс аудардым. Анам, әйелім және үш балам бар. Павлодардың адамдары, ауасы, аязы, табиғаты ұнайды. Өзімді бұл жерде жайлы сезінемін. Анамның денсаулығы үшін де бұл өңірдің ауарайы жақсы келеді. Осы жерде түбегейлі қаламыз деп шешім қабылдадық. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде тұрғын үйді жалдау мәселесі бойынша жергілікті органдар көмек көрсетті. Сондай-ақ анам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Өзім де заңгер мамандығы бойынша жұмыс жасаймын, - дейді Асылқан Қизатов.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында өңірлік квоталарға енгізілген барлық оралмандар мен қоныс аударушыларға көшуге субсидиялар төленгенін атап өтті. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бекітілген шараларға сәйкес тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстар өтелген.
Айта кетерлігі ,2019 жылы Павлодар облысына 2925 адам, яғни 590 отбасы қоныс аударса, 550 қандасымыз келген.


Соңғы жаңалықтар