Павлодар облысында есірткі граффитиімен күресіп жатыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Өңірлік полиция департаменті «Nur Otan» партиясының және қалалық әкімдіктердің қолдауымен Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында заңсыз есірткі құралдарының жарнамасына қарсы рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға «VITA» ерікті-іздестіру жасағының, «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанатының, Жастар бастамаларын дамыту орталығының, «Қызыл Жарты Ай» ҚБ, «Жасыл ел» жастар студенттік жасағының және «New Life PLUS» ҚҚ еріктілері қатысты.

«Іс-шара есірткі қылмысын алдын алуға бағытталған. Оған еріктілер мен облыстың белсенді тұрғындары көмектесіп жатыр. Есірткі граффитиі бейнеленген үйлердің қабырғасын сәндеу үшін трафаретпен мысықтың суретін салып шықтық», - деді Павлодар облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Ирина Темірғалиева.

Айта кетейік, облыс орталығында «Павлодар – есірткісіз қала» қоғамдық бастамасы жүзеге асып жатыр. Оның құрамына құқық қорғау органдары мен мемлекеттік орган өкілдері, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-сектор өкілдері мен белсенді облыс тұрғындары кірді.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі осындай заң бұзушылықтың куәсі болсаңыз, 102 немесе 8 (7182) 39-10-38 нөміріне байланысуды немесе «Police 102» ұялы қосымшасын пайдалануды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар