Павлодар облысында бизнеске заңсыз қол сұққан 18 қылмыс ашылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Айдар Тастеміров «Инвесторлар үйінде» тұрғындар алдында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Тұрғындармен кездескен Айдар Тастеміров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында «Ертіс – адалдық алаңы» жобасының тигізген пайдасын атап өтті.

«Бүгінде облысымызда «Ертіс – адалдық алаңы» жобасы жемісті қызмет етуде. Соның арқасында бизнес пен инвестицияларды қорғау қолға алынды. Оған қоса, жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлерді қадағалаушы, тексеруші органдардан қорғау мәселесі көтерілген болатын. Осы орайда, жыл басынан бастап бизнеске заңсыз қол сұғуға қатысты 18 қылмыс ашылды», - дейді Айдар Тастеміров.

Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Жолдауда жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиісті деңгейде орындалмай жатқанын атап өтті. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы азаматтық қоғамды белсенділікке шақырып, қарапайым жандармен бірлесе отырып жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге болатынын айтты.

Әрі қарай тұрғындар өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Мәселен, кәсіпкер Олжас Омаров «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы екіқабатты тозығы жеткен үйде орналасқан ата-анасының дүкенінің тағдырына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 76 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер орнына қалалық әкімдік небәрі екі бөлмелі пәтер ұсынуда. Оның үстіне, қала басшылығы дүкеннің заңсыз қызмет еткенін алға тартуда. Олжас Омаровтың пікірінше, осы жерде кәсіпкер мүдделері аяққа тапталуда. Облыстық көлік саласы кәсіподағының төрағасы Василий Рудаков Павлодардағы жеңілдікке ие азаматтар санаттарының көптігімен келіспеушілік танытты.

«Павлодарда еліміздің ешбір жерінде кездеспейтін жеңілдікпен жүретін жолаушылардың 18 санаты бар. Бұл қалай жүзеге асатыны белгілі – қала басшылығы күштеп енгізеді. Жағдай қиындап кетті. Сіздердің көмек беруіңізді сұраймын», - деді ол.

Айдар Тастеміров барлық мәселелерді жіті бақылауға алып, шешу жолдарын қарастыратынына уәде берді.

Соңғы жаңалықтар