Павлодар облысынан Сенат депутаттығына кандидат ұсынылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының мәслихаты Сенат депутаттығына ұсынылған кандидатураны қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бақыт Бексейітова ҚР сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес мәслихат сессиясында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына Алтынбек Нұхұлының кандидатурасы бойынша ұсыныс енгізді.

«Алтынбек Нұхұлының кандидатурасы өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылып отыр», - деді Бақыт Бексейітова.

Мәслихат депутаты Серім Сыздықов Алтынбек Нұхұлы ғалым ретінде халық арасында қоғамдық ағарту жұмыстарымен танымал екенін айтты.

«Ол облыстық үш университеттің ректоры болды. Өзі басқарып отырған университетті ірі мәдени жандану орталығына айналдырды. Университетті халықтың рухани мұрасын сақтауға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру орталығына айналдырды. Соңғы жылдары облыстың тарихи-мәдени мұрасын сақтауға зор үлес қосып келеді. Алдағы Сенат сайлауы еліміздің әлеуметтік саласын негізге алатын тұста өтпек. Сондықтан өңіріміздің әлеуметтік саласына еңбек сіңірген азаматтың кандидатурасын қолдауды сұраймын», - деді Серім Сыздықов.

Мәслихат депутаттары Алтынбек Нұхұлының кандидатурасын ұсынуға бірауыздан дауыс берді.

Алтынбек Нұхұлы 1962 жылы 10 маусымда Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылында дүниеге келген.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу 2020 жылғы 12 тамызға белгіленді.

Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимде отырысы өтіп, онда сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шарлар жоспары бекітілді.

13 маусым күні Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталды.

ҚР ОСК сайлауды өткізуге 254,5 млн теңге жұмсалатынын мәлім етті. Сондай-ақ әр өңірден 17 депутат сайланатынын, үміткерлерге қойылатын талаптарды жария етті.

Бұдан бөлек, биыл өкілеттік мерзімі аяқталатын 17 сенатордың аты-жөні айтылды.


Соңғы жаңалықтар