Павлодар облысына Pfizer вакцинасының 29 мың дозасы келіп түсті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Вакцинаның келіп түскен толық көлемі Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың орталық қоймасына сақтауға жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодар облысына «Комирнати» (Pfizer) вакцинасының 29250 дозасы келіп түсті», - деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, препараттың бірінші компоненті Павлодарға әуе көлігімен жеткізілген.

Вакцинаның келіп түскен барлық көлемі Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың орталық қоймасына сақтауға жіберілді.

«Бүгінгі таңда Павлодар облысында 63180 адам «Комирнати» («Pfizer») вакцинасын алуы тиіс. Бастапқы кезеңде 9917 адамды, оның ішінде 16 жастан 17 жасқа дейінгі 6076 баланы, жүктіліктің 16-37 апта кезеңінде жүрген 1508 жүкті әйелді және босанғаннан соң 42 күн өткеннен кейін 2333 әйелді егу көзделіп отыр», - деп нақтылады ведомство.

Сондай-ақ, ведомство өңірде Цельсий шкаласы бойынша -90-нан -60 градусқа дейінгі төмен температурада вакцинаны сақтауға арналған 4 мұздатқыш жабдық бар екенін және Павлодар облысының медициналық ұйымдарындағы вакциналарды сақтау және егу пунктеріне дейін тасымалдау бойынша салқындату тізбегінің бағыты әзірленгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар