Павлодар облысына оңтүстіктен көшіп келген отбасы ауылда кірпіш цехын ашты

None
None
Бүгінде Шарбақты ауданының Шегірен ауылында Қытай елінен және оңтүстік аймақтан қоныс аударған 20 шақты отбасы тұрып жатыр, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Олардың бірі - 2019 жылы 19 қазанда мемлекетіміздің ішкі көші-қон саясаты бойынша отбасымен оңтүстіктен келген Жеңісгүл Құрманбек.

«Адал еңбекпен мал іздемек - арлы адамның ісі» деген нақыл сөз бар. Ізденсең, кез келген кәсіп табыссыз қалдырмайды екен. Бастысы кәсіп көзін ашып, ерінбей еңбектеніп, талпыну керек. Балаларымыз Шегірен орта мектебінде оқиды, барлығының жағдайлары жақсы. Көшіп келген азаматтар Шарбақты аудандық әкімшілігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына, жұмыспен қамту орталығына басқа да құзырлы мекемелердің берген көмегіне, атқарып отырған ісіне дән риза және алғысымызды айтамыз, - дейді Жеңісгүл Құрманбек.


Павлодар облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында Шегірен ауылының тұрғындары да келген қандастарымызға демеу болып, бірі шөп, бірі отынға көмек қолдарын созып, жат жерге сіңісіп кетуге көмектесуде екенін айтады.
Жеңісгүл Құрманбек қоныс аударған соң бірден «Бастау бизнес» бойынша оқу оқып, шағын бизнесін бастауға және қажетті құжаттарын дұрыстап тапсыру үшін кәсіпкерлер палатасынан әдістемелік көмек алып, сертификат пен қайтарымсыз грантқа ие болған.

Әрі қарай «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен 4 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, оған 20 сиыр және өз каражатына 50 қой алған. Мұнымен шектеліп қалмай, «Димаш» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, шағын кірпіш зауытын іске қосты.

- Көршілес ауылдардан және Шегірен ауылда да кірпішке сұраныс көбейіп келеді. Бағасы қолжетімді болғандықтан, сатып алынған кірпішке үй, мал қора тұрғызып жатырмыз. Оның үстіне мал шаруашылығын дамытуға байланысты жер алу конкурсына қатысып, 427 гектар жерге ие болдық. Трактор сатып алып, мал азығын дайындадық. Шағын кәсіп үшін мал азығын өзіміз дайындап алу үлкен демеу болады. Бір жарым жылда біраз жұмыс атқарылды, - дейді ауыл тұрғыны.


Жеке кәсіпкер 2021 жылға қойылған жоспарларымен бөлісті.

- Қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, асыл тұқымды сиыр өсіруге, бұқаны бордақылау, сүт өнімдерін өндіріп, ауыл маңындағы шағын көлді алып, балық шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын ашсақ деген ойымыз бар. Жолдасым Жұмажан - кигіз жасаудың шебері. Сондықтан осындай қолөнер бұйымдарын жасауды қолға алуға бел байлап отырмыз. Себебі қазіргі таңда нарықта қолөнер, ұлттық бұйымдар сұранысқа ие, - дейді Жеңісгүл Құрманбек.
Соңғы жаңалықтар