Павлодар облысына коронавирусқа қарсы вакцинаның 80 мың дозасы бөлінеді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірде алдымен 9 мыңға жуық медицина қызметкеріне коронавирусқа қарсы вакцина егіледі, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару жоспарланып жатқанын атап өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Павлодар облысына 80 мың доза бөледі. Вакцина 1 ақпаннан бастап кезең-кезеңімен жеткізіледі.

«Вакцина Сұлтанов атындағы облыстық аурухана базасындағы мұздатқышқа жеткізіледі. Онда 2,2 куб метрлік мұздатқыш бар. Бұл бірінші кезеңдегі вакцинаны қабылдап алуға жеткілікті. Қосымша 1,2 куб метрлік 3 мұздатқыш сатып алынады», - деді Айдар Сейітқазинов.

Басқарма басшысының айтуынша, КВИ-ға қарсы вакциналауды жүргізу үшін медицина қызметкерлері оқытылды. Облыста 1125 қызметкер вакциналаумен айналысады. Оның ішінде дәрігерлер мен орташа деңгейдегі қызметкерлер бар.

«Облыста вакциналанатын азаматтар тізімі - 85704. Бұл нақты сан емес. Сондықтан өзгеруі мүмкін. Вакцинаны уақытында егу вакцинаға қатысты клиникалық көрсеткіштерге, адамдардың өз еркімен егілуіне, егілетіндердің эпидемиологиялық статусына байланысты, - деді Айдар Сейітқазинов.

Вакциналауға алдымен медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау және күш құрылым қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер, жабық балабақшалардың мамандары кіреді. Сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдар кіретін болады.

«Ақпанда алғашқы болып жеткізілетін вакцина медицина мамандарына егіледі. Жоспар бойынша 9 мыңға жуық медицина қызметкері қамтылады. Мұнда стационарлардың және жедел жәрдем қызметкерлері кіреді», - деді басқарма басшысы.

Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, вакциналауға дайындық үшін облыста ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Оған қоса, тұрғындар сұрақтарына жауап алу үшін жедел желі құру қажет.


Соңғы жаңалықтар