Павлодар облысы бизнес жүргізуге қолайлы өңірлер рейтингінде үздік бестікке енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдегі инвестициялық жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында инвестиция тарту жұмыстары күшейтілді. «Doing Business» рейтингіне сәйкес, Павлодар облысы бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасайтын үздік бес өңірдің қатарында. Биыл ашылған Инвестор үйі бизнеспен диалогтың жаңа алаңына айналды. Мұнда «Open space» форматында барлық кәсіпкерлікті дамыту институттары («Қазақинвест», «Атамекен», «Даму» және «ҚазАгроФинанс», микронесиелеу ұйымдары, «Павлодар» АЭА ) бір алаңда жұмыс істейді. Әр сейсенбі сайын «Инвестор сағатын» өткізіп, ықтимал инвесторлармен кездесемін. Өңірге жаңа инвестиция тарту үшін әрбір жобаға көңіл бөлеміз», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жыл басынан бері өңір экономикасына 352 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 75% немесе 264 млрд теңгесі жеке инвестицияға тиесілі.

«Алдағы 4 жылға (2020-2023 жылдары) 500 млрд теңгеден асатын инвестицияға 13 жаңа жоба қарастырылды. Нәтижесінде 5 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Мәселен, Екібастұз қаласындағы индустриалды аймақта техникалық кремний өндіретін жаңа зауыт ашу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 300 млн АҚШ долларын құрайды», - деді Б. Бақауов.

Сонымен бірге, өңірдегі кәсіпкерлерді қолдау шаралары жүргізіліп жатыр.

«Облыс орталығында «Open Pavlodar» жаңа фронт-кеңсе ашылды. Онда барлық заңды және жеке тұлғаларға онлайн қызметтер көрсетіледі. «Бизнестің жол картасы - 2020» субсидиялаған жобалар саны бойынша Павлодар өңірі үш жылдан бері көш бастап келеді. Жыл басынан бері бизнес субъектілерінің саны 7% артты (...) Ірі сауда орталықтары желісін кеңейту жоспарланған. Жақында «Батыр молл» сауда және ойын-сауық орталығының құрылысы аяқталады. Оның аумағы елордадағы «Керуен» сауда орталығымен тең болады», - деді Болат Бақауов.

Айта кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов елордада 2019 жылдың 10 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беруде. Бұған дейін әкім өңірдің экспорттық әлеуеті туралы баяндаған болатын.

Соңғы жаңалықтар