Павлодар мұнай зауытын жаңғырту мерзіміне қатысты ҚМГ топ-менеджменті жұмыстан босатылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту барысына қатысты жұмыс кеңесін өткізді. Жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның мұнайды тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесов пен «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше,  Павлодар мұнай зауытын жаңғыртуды аяқтау және жоғары октанды бензин мен дизель отынын шығару үшін қажетті қондырғыларды іске қосу мерзімдерінде артта қалушылық бар.

Естеріңізге сала кетейік, жаңғыртуды аяқтау мерзімі «ПМХЗ» ЖШС үшін 26 қазан, ал Атырау мұнай өңдеу зауыты үшін 16 қыркүйек белгіленген болатын. Алайда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мерзімдерді ағымдағы жылдың желтоқсан айының бірінші жартысына ауыстырды.

Осы мәселеге байланысты Д. Тиесов пен Ш. Данбайдың ақпараты тыңдалғаннан кейін, министр жақын арада жоғары октанды бензинмен және дизель отынымен ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Атап айтқанда, жекелеген қондырғыларда ақаулардың туындауы туралы ұсынылған деректердің негізінде Қайрат Бозымбаев мұнай өнімдерін өндіру жабдықтарын орнату мерзімдері орындалмауы мүмкін екендігін ескертті.

Кеңес қорытындылары бойынша министр 8 қарашаға дейінгі мерзімде жоғары октанды бензин өндіру қондырғыларын және қысқа мерзімде дизель отынын шығару қондырғыларын іске қосу қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте ПМХЗ жаңғыртуды аяқтаудың белгіленген мерзімдері сақталмаған жағдайда, министр топ-менеджерлерді атқаратын қызметтерінен босату туралы ұсыныс енгізетін болады.

Ал Павлодар және Атырау Мұнай өңдеу зауыттары бойынша нысандарды жаңғыртуды созу тәуекелдерін анықтау үшін министрліктің комиссиясы жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар