Павлодар мен Новосібір дәрігерлері пандемияға қарсы бірлесе әрекет етпек

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қазақстандық және ресейлік мамандар ынтымақтастық пен тұрақты тәжірибе алмасу туралы онлайн-конференция барысында пандемияға қарсы күресте өзара бірлесіп әрекет етуге келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, онлайн-конференцияға Новосібір облысы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Елена Аксенова және Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Біржан Досмайылов, сондай-ақ екі өңірдің инфекционистері, пульмонологтары, реаниматологтары мен санитарлық дәрігерлері қатысты.
Онлайн-конференция барысында Новосібір дәрігерлері коронавирус пандемиясымен қалай күресіп жатқандары туралы айтты. Олардың емдеу хаттамалары қазақстандық мамандардың емдеу хаттамаларына ұқсас. Новосібір облысында да жоспарлы медициналық көмек көрсету шектелген, пациенттер легі бөлінген, үйге шығу үшін бригадалар құрылған және көмекті барынша үйде көрсетуге тырысады.
- Біздің ресейлік әріптестеріміз өз проблемаларын және оларды шешу жолдарын ортаға салды, - дейді онлайн-кездесуге қатысқан Павлодар облысының штаттан тыс бас реаниматологы Инна Гловацкая. - Олар төсек-орындарды оттегі нүктелерімен қамтамасыз ету туралы айтты. Новосібір облысында да орталықтандырылған оттегі нүктелері жоқ жерлерде оттегі концентраторлары қолданылады.

Павлодарлық дәрігерлер де коронавирус инфекциясымен, пневмониямен және ЖРВИ-мен ауыратындарды емдеудегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Екі облыстың бірінші басшыларының келісімімен ұйымдастырылған конференцияның қорытындысы бойынша тараптар пандемияға қарсы күресте өзара іс-қимыл жасасу және шекара маңындағы өңірлердің дәрігерлерімен тұрақты тәжірибе алмасып тұру жөнінде келісті.
Бүгінгі таңда Павлодар облысының емханаларында 93 мобильдік бригада жұмыс істейді. Олар шақыруларға жедел шығу және үйде сапалы медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Өңір бойынша оттегі нүктелерінің саны өсуде, айдың соңына дейін оның санын 600-ге жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ оттегі концентраторларының саны белсенді түрде арттырылуда.


Соңғы жаңалықтар