«Павлодар» АЭА тауарларының жартысынан астамы экспортталып үлгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Келесі жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 9 ірі жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлімдеді.

«Экспорттық өндірісті дамытуда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы ерекше рөл атқарады. Биыл «Павлодар» АЭА Бүкіләлемдік арнайы экономикалық аймақтар ұйымы өкілдігінің мәртебесін алды. Биыл экономикалық аймақ қатысушылары өндіретін 30 тауардың жартысынан астамы (16) экспортталып үлгерді», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биылғы 9 айда АЭА кәсіпорындары 32,5 млрд теңгеге өнім шығарды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары.

«Бүгінде «Павлодар» АЭА инвестициялық қоржынында 22 жоба бар. Олардың жалпы құны - 205 млрд теңге. Жыл соңына дейін 3 млрд теңге болатын 4 жоба аяқталады. Оның арасында мазут пен басқа да мұнай өндірісінен қалған қалдықтарды өңдейтін «Северхим» ЖШС, металлургиялық кокс шығаратын «RTF PVL» ЖШС, белсендірілген көмір өндіретін «RTF ACTICA» ЖШС және «Спецпромсервис» ЖШС инфрақұрылымдық жобасы бар. Келесі жылы АЭА аумағында 20 млрд теңгеден асатын инвестицияға 9 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған», - деді Б. Бақауов.

Айта кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов елордада 2019 жылдың 10 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беруде. Бұған дейін әкім өңірдің экспорттық әлеуеті туралы баяндаған болатын.

Соңғы жаңалықтар