Пәтерлерге жеке жылу есептегіш құралдарын орнату әзірше тиімсіз – энергетиктер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында салынып жатқан тұрғын үйлер жобалау кезеңінде-ақ жеке жылу есептегіш құралдарымен қамтылады. Алайда іс жүзінде оның тұрғындар үшін пайдасы шамалы. Солтүстікқазақстандық сарапшылар тұтынушыларға неліктен әзірше жылудан үнемдеудің мүмкін еместігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер жиі туындайды. Жеке есептегіш құралын орнатқан тұтынушылар тек «өз пәтерлеріне келген жылу үшін ғана төлейміз, нәтижесінде үнемдейміз» деп ойлайды. Алайда үнемдеу әзірше мүмкін болмай отыр.

«Басты себебі – елімізде заңдық база қалыптаспаған. Жеке есептегіш құралдары пәтерлерге орнатылғанымен, олармен есеп айырысу ережесі бекітілмеген. Заңнамалық деңгейде бекітілген тиісті құжаттар жоқ. Құрылғыларды коммерциялық есепке алу үшін жеке жылу есептегіштерін заңдастыру қажет. Іс жүзінде республиканың өлшем бірлігін қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйенің арнайы тізілімінде болуы тиіс. Мұндай жазбасыз ешбір ұйым өзіне жауапкершілік алып, беймәлім құрылғымен есеп айырыспайды», - дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов.

Петропавлда мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның 766-сында жылу энергиясын есептейтін ортақ құрылғы бар. Есептегіш құралдың көрсеткіші әр тұтынушыға бөлініп, олар пәтердегі шаршы метрге қарай коммуналдық ақы төлейді. Ортақ есептегіш құрал болмаған жағдайда белгіленген тариф бойынша есеп айырысады.

«Жеке есептегіш құралдарымен қатар үйдің ортақ есептегіш құралы болуы қажет. Тұтынушы тек өз пәтері үшін ғана емес, подъезді жылытқаны үшін де төлейтінін естен шығармауы керек. Сондай-ақ бұл құрылғылардың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін оған белгілі бір қызмет жауап беруі керек. Сол себепті әзірше жеке жылу есептегіш құралдарын орнату тиімсіз, әрі ерте», - дейді «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бас директоры Андрей Калиничев.

Соңғы жаңалықтар