Парламенттік сайлауда қысым көрсетілсе, қайда жүгіну керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев парламенттік сайлауда жұмыс беруші тарапынан қысым жасалғанда қайда шағымдану қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмысшыларға қысым жасау туралы деректерді қалай жинаймыз? Facebook-те республикалық және облыстық деңгейде өз парақшаларымыз бар, сонда тікелей хабарлама жібере аласыз. Мұнда жалған аккаунт хаттарын қарастырмаймыз, тек шынайы пайдаланушылар шағымын қабылдаймыз. Одан бөлек, кез келген кәсіпорында кәсіподақ чаты болады, кәсіподақ желісі бойынша осы чаттарға жаза аласыз. Бізде арнайы Ватсапп нөмірі бар (+7 775 005 4242), бұл нөмірді пандемияның алғашқы толқынында сенім телефоны ретінде қолданғанбыз. Сол чатта барлық нақты шағымдарды қабылдаймыз, тексереміз және талдау жүргіземіз. Қорытындысын өз есебімізге қосамыз және тиісті саяси партияларға хабарлаймыз», - деп түсіндірді Нұрлан Өтешев Nur Otan партиясының өкілдерімен кездесуде.

Сонымен бірге, Н. Өтешев сайлау науқанында сайлаушылар мен комиссияларға қысым көрсетілгенде қандай шара қолданылатынын айтты.

«Ең алдымен сайлау алдындағы жарыс кезінде қысым жасаушының абырой-беделіне нұқсан келеді. Тәуелсіз байқаушылардан келіп түскен қысым жасау туралы кез келген ақпарат маңызды – мысалы, жұмыс беруші қарамағындағы қызметкерлерге белгілі бір партияны нұсқауы мүмкін. Біз әртүрлі желілерде байқаушылардың қалай дайындалатынын көріп, талдау жүргіземіз. Жекелеген шағын топтардағы байқаушылар соғысқа дайындалып жатқандай көрінеді. Біз үшін бұл түсініксіз, өйткені байқаушы бұл процеске мүлдем қосыла алмайды. Ол тек фактіні тіркеп, кейінгі есепте көрсету үшін жоғары жаққа бағыттай алады», - деді ол.

Өз кезегінде Nur Otan орталық аппараты басшысының орынбасары Арман Қапесов қысым жасалған жағдай абырой-беделге ғана нұқсан келмейтінін жеткізді.

«Абырой-беделден бұрын, сайлаушыларға, комиссия мүшелеріне нақты қысым көрсетілсе, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді партия өкілі.

Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясы сайлаушыларға қысым жасауға жол бермеуді ескерту үшін саяси партиялардың өкілдерімен кездесуді бастады. Бүгін Nur Otan партиясының өкілдерімен жиын өтті.



Соңғы жаңалықтар