Парламент Сенаты Қырғызстандағы өткізу пунктеріне қатысты заңды қабылдады
«Қырғыз Республикасы екі жыл ішінде үшінші елдермен шекарадан өткізу пункттерін орналастыру және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету міндеттемесін алды. Мерзімдерді ұзарту бойынша Қырғыз тарапы бастама жасады. Өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау үшін оларға қосымша уақыт қажет болып тұр», - деп түсіндірді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Атап айтқанда, мемлекеттердің басшылары Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында (4.05.2018 ж. Сочи қаласы) «24 айдан» «48 айға», яғни 2019 жылдың 12 тамызына дейін өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойды.
«Дегенмен, бұл мерзімде де Қырғыз тарапы үлгерген жоқ. Осыған орай 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттердің басшылары Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында «48 айдан» «72 айға», яғни 2021 жылдың 12 тамызына дейін өзгеріс енгізу туралы Хаттамаға қол қойды. Алайда бұл жақын арада Сіздердің қарауларыңызға енгізілетін басқа Хаттаманың нысаны болады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан тарапы үшін ешқандай салдарларға әкеп соқтырмайды және өзгеріс енгізу заңды сипатқа ие», - деді Ә. Смайылов.