Парламент мәслихаттың мәртебесін арттыру бойынша түзетулерді қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасында бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады:

- аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейту;

- бюджеттік рәсімдерді оңайлату;

- жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дербестігін кеңейту және жауапкершілігін күшейту;

- әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіру.

«Негізгі нормаларға тоқталсақ, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту мақсатында төртінші деңгейге қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру ұсынылады.

Екіншіден, бюджеттік рәсімдерді оңайлату ұсынылады. Атап айтқанда, жиырма пайыздан аспайтын көлемде ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке түзетулер енгізуді көздеу ұсынылады. Түзету жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша жүргізілетін болады.

Сондай-ақ мәслихаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеу қажеттілігі бойынша норманы алып тастап, бюджеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсынылады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, қаржы жылы кезеңінде аудан және ауылдық округ бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің өзгеруіне жол бермейтін Бюджет кодексіне нақтылаушы норма енгізіледі.

«Әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібін анықтауды ұсынамыз. Қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде, ал ауылдар үш жыл ішінде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады. Яғни, жергілікті атқарушы және өкілді органдар осы кезеңде елді мекендердің одан әрі келешегін ескере отырып, экономикалық дамуы үшін шаралар қабылдауы тиіс», - деді министр.

Бұдан бөлек, мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзетулер қарастырылған.

«Мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылады. Сонымен қатар, әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда мәслихаттардың тұрақты комиссия төрағаларының босатылған екі лауазымын енгізу ұсынылады.

Бұл ретте тұрақты негізде жұмыс істейтін тұрақты комиссиялардың төрағалары болып әртүрлі саяси партиялардың өкілдерін сайлауды ұсынады. Бұл шаралар аймақтарды саяси бәсекелестікті ынталандыруға әсер етеді. Бұл заң жобасы өңірлердің дербестігі мен жауапкершілік деңгейін арттыруға және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешу үшін бюджеттік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар