Парламент лотереяның заңсыз жарнамасына айыппұл салуға қатысты құжатты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы айтып берді.

Атап айтқанда, лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотерея ойындарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі ескерілген. Осы орайда жеке тұлғаларға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - үш жүз, орта бизнес үшін - бес жүз, ірі бизнес үшін бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

«Ал бір жыл ішінде қайталанып жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін жеке тұлғаларға екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жеті жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың, ірі бизнес үшін екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік құқық бұзушылықтың табыстары тәркіленеді», - деп түсіндірді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, лотерея операторымен немесе таратушыларымен (агенттерімен) лотерея операторымен құрылған комиссиялық келісімшарт аясында орналастырылған жарнамадан бөлек лотерея жарнамасына тыйым салынады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақтоты Райымқұлова лотерея операторының жалпы айналымдағы қаржысы туралы айтты.

«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң 2016 жылғы 9 сәуірде қабылданған болатын және бүгінгі уақытта заңнама деңгейінде өз шешімін қажет ететін, біраз мәселелер анықталды. 2017 жылғы № 48 Үкімет қаулысымен «Сәтті Жұлдыз» Акционерлік Қоғамы лотерея операторы болып 15 жыл мерзімге анықталды. Лотерея операторының қызметкерлерінің саны 748 адамды құрайды. Республика бойынша 3 мыңға жуық таратушы (агенттер) саны шағын және орта кәсіпкерлерден тұрады.

Соңғы жаңалықтар