Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланады – Шыңғыс Қабдула

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін айыппұл мөлшері бірнеше есеге өсті. Бұл туралы «Antikor ortalygy» алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтар сыбайлас жемқорлықпен күрестің ауырлығын түсінуі керек. Күшейтілген санкциялар қосымша тежеуші фактор болады деп үміттенеміз. Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады. Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да осындай, қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылатын болады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы.

Оның айтуынша, бас бостандығынан айыру мерзімдерінің ұлғаюынан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін айыппұл мөлшері де бірнеше есеге өсті.

«Енді қарапайым пара берушілер үшін (50 АЕК дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Мысалы, егер адам 100 мың теңге пара бергені үшін сотталған болса, онда оған ең төменгі айыппұл ретінде сотпен тағайындалған айыппұл мөлшері 2 млн теңгені құрайды. Осыған дейін, ең төменгі айыппұл мөлшері 1 млн теңгені құрады. Сол сияқты делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2 есеге ұлғайтылды. Бүгінгі алаңды пайдалана отырып, тағы да азаматтарды заңсыз сыйақы төлеу арқылы мәселелерді шешуден бас тартуға шақырамын. Бұл үшін қатаң қылмыстық санкциялар қарастырылған», - деп атап өтті Шыңғыс Қабдула.


Соңғы жаңалықтар