Пандемиядан зардап шеккен бизнес кредитін 6 пайызбен қаржыландыру керек - Перуашев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының депутаттары пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнесті 6 пайызбен қайта қаржыландыруды талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті осы жылдың 1 қаңтарындағы Жолдауында «экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету қажет« деген болатын. Сонымен қатар Президент бұл мақсатқа қсоымша 200 млрд теңге бөлінетіндігін, ал субсидиялау бағдарламасының жалпы көлеі 800 млрд теңгеге жеткізілетіндігін хабарлаған еді. Бұл тапсырма кәсіпкерлік қоғамдастық арасында үлкен резонанс тудырды», - деді Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған Азат Перуашев.

Мәжіліс депутатының дерегінше, тікелей пандемиядан және онымен байланысты шаралардан 1 миллионан астам кәсіпкер зардап шекті. Бұл елімізде тіркелген бизнес субъектілерінің үштен екісін құрайды.

Төтенше жағдайға және локдаун шектеулеріне байланысты 430 мыңнан астам кәсіпкер жұмысын тоқтатып, оның басым бөлігі әлі күнге дейін қызметін жандандырған жоқ. Әсіресе көлік, сауда және қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, қонақ үй бизнес, жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар салалары үлкен шығынға батты.

Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттерін қайта қаржыландыру жүргізілмей отыр.

«Осыған орай біз Үкіметтен, Ұлттық банктен және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен зардап шеккен барлық шағын және орта бизнестің кредиттерін 6 пайызбен қайта қаршыландыруды шұғыл, кідіртпестен бастауды өтінеміз. Сонымен қатар Президент Жолдауының орындалуын сөз бұйдаға салған лауазымды тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартуды сұраймыз», - деді Азат Перуашев.


Соңғы жаңалықтар