Пандемия мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түсті. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Дін – адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі. Демек, біз діннің осынау қуатты күшін адамдар арасындағы достық, өзара сыйластық пен құрметті арттыруға бағыттауымыз керек. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің бастамашысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген сөзінде үлкен мағына жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп атап өтті. Расында, біз бейбітсүйгіш халықпыз және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейміз. Елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі осыған дәлел», - деді Бас мүфти.

Оның атап өтуінше, әлемді жайлаған пандемиялық ахуал көптеген ортақ игі іс-шаралардың өтуіне тосқауыл болды. Алайда бұл сынақ мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түсті.

«Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Осы сәтті пайдаланып, дін көшбасшыларына тағы да Алла разы болсын айтамын. Бұл бастама дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа жұмылдырды», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Соңғы жаңалықтар