Пандемия қостанайлық шаруа қожалықтарына кедергі болған жоқ

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына қарамастан Қостанайдың агроөнеркәсіп кешені саласындағы жағдай қалыпты. Бұл күн-түн демей шаруа тындырып жүрген ауыл адамдарының еңбегі ерен. Оған көз жеткізу үшін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен Аграрлық несие корпорациясы қостанайлық журналистерге арнап баспасөз турын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БАҚ өкілдері барған бірінші нысан – «Сарыағаш» ЖШС. Денисов ауданының Перелески ауылындағы серіктестік сүт фермасының бірінші кезеңін іске қосқан. 2011 жылы АҚШ-тан асыл тұқымды сиыр әкелген компания тұтастай компьютермен басқарылады. Өндіріс Германиядан сатып алынған сүт сауатын заманауи қондырғымен жабдықталған. Сауыншылар оны «Карусель» атап кеткен. «Карусель» – сиыр сауатын кешенді аппарат. Қорадан келген сиырлар біртіндеп айналма шарбаққа өтеді де, бөлініп қойған арнайы орындарға тұра қалады. Сауыншылар шүберекпен сиырдың желінін сүртіп, сүт сауу аппаратын үрпіге кигізіп, «карусельді» іске қосады.


«Асыл тұқымды сиырлар мұндайға тез үйренеді. Нөмірленіп белгіленген әр сиырдың күнделікті салмағы, рационы, қанша сүт бергені көз алдыңда тұрады. Сиырдың түрлі аурудан амандығы, физиологиялық жай-күйі тексеріліп отырады. Сүт сауу цехында, яғни «карусельдегі» барлық жұмысты бар-жоғы үш-төрт сауыншы ғана атқарады. Тақтатас төселген цехтың іші сиыр сауылып болысымен тазартылып, келесі партияға дайындалады. Сиырдың желінін сүрткен майлықтар кір жуатын машинада жуылып, сауыншыларға қайта беріледі», - дейді «Сарыағаш» ЖШС директоры Өтеген Мұртазин.

Оның айтуынша, серіктестік 2000 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларға қатысады. Мәселен, осыдан тоғыз жыл бұрын 1 250 сиырға арналған ферма ашылды. Жоба құны – 1 млрд теңге. Ө. Мұртазиннің айтуынша, профилакторийді өсірілген бұзаумен салыстырғанда, суық жағдайда өскен бұзаудың иммунитеті күштірек, ал ауруларға қарсы тұру қабілеті 12%-ға дейін артады. Сондықтан «Сарыағаш» сиырлары салқын қорада бағылады, тиісінше бұзаулар қысқы аяздарға тез үйренеді.

«2019 жылы құны 480 млн теңге болатын Германияның «Petkus» компаниясы құрастырған астық қоймасын сатып алдық. 340 млн теңгесін «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы төледік. Қуаттылығы – сағатына 25 тоннаға дейін. Құрылғы астықты қабылдап, бастапқы тазалаудан өткізеді. Ары қарай дәнді дақылдарды кептіріп, сұрыптайды», - деді шаруашылық басшысы.


Бүгінде «Сарыағаш» 415 адамға тұрақты жұмыс тауып берген. Маусымдық жұмыстарда 500 адамға дейін жұмыс істейді. Осы Перелески ауылының 80 пайызы «Сарыағаштан» нәпақа тауып отыр.

«Жоспар көп. Мемлекет барлық мүмкіндікті жасап отыр. 2020-2021 жылдары суармалы жер шаруашылығын дамытамыз. Оған 820 млн теңге қаражат жұмсалады. Әрине, коронавирус келіп, көп жұмысқа кедергі болғаны рас. Бірақ осы пандемияға қарамастан жақсы нәтижелерге қол жеткізе алдық. Шаруашылықтағы жұмыс іркіліссіз жүріп, егіс науқаны көздеген уақытта аяқталды.Осы ретте мемлекеттің қолдауына иек арттық», - деді Өтеген Мұртазин.

Тілшілер қауымы Денисов ауданының экономикасын ілгерілетіп отырған «Колос-фирма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бас сұқты. Шаруашылыққа күн сәулесімен қуаттандырылатын батареялар мен желдің күшін пайдаланатын құрылғылар орнатылған. Бұл ферма Свердлов ауылынан 20 шақырым жердегі Ақсай ауылында орналасқан. Кезінде Ақсай кеңшар бөлімшесі болған. Кейін тұрғындары орталыққа көшіп кеткенімен, кеңшар орнына «Колос» серіктестігі тұрақтап қалды.

Шаруашылық басшысы Инна Корнеева «Колосқа» тиесілі техникаларды көрсетіп, мал шаруашылығы және егістік алқаптарындағы жетістікпен таныстырды. Ферманың жұмысы жасыл технологияға негізделген. 2018 жылдан бастап балама қуат көзін пайдаланады. 32 жылдық тарихы бар ферманы өңірге белгілі диқан Александр Корнеев ашқан. Қазір оның жұмысын келіні Инна Корнеева жалғастырып отыр.

«2013 жылы қайын атам, 2017 жылы жұбайым өмірден өтті. Бұл бізге айтарлықтай ауыр соққы болса да, еңсе тіктеуге мүмкіндік алдық. Оған менің балаларым себеп болды. Негізі, 2014 жылға дейін серіктестіктің басым бағыты өсімдік шаруашылығы болатын. Кейін етті мал шаруашылығын игере бастадық. Алдыңғы жылдардан бері Цифрландыру бағдарламасына қатыстық. Мал ұстайтын ферма мен бұзау бағатын қора-жайлар баламалы тоқ көзіне қосылған. Ал су мәселесі бұрғылау әдісі арқылы шешілді», - дейді Инна Корнеева.

«Колос-фирма» ЖШС – 2019 жылдан бастап Қостанай облысында орналасқан «Қазақстан Ангус» республикалық палатасының мүшесі. Былтыр серіктестік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Эстониядан 300 бас «Абердин-ангус» сиырын әкелді. Серіктестікте 126 адам тұрақты жұмыс істейді, олардың 40-қа жуығы – механизатор. Фермада жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникалары жасақталған.

«Колос-фирма» шаруашылықтан бөлек, ауданның әлеуметтік дамуына септігін тигізіп келеді. Мектеп жанындағы үйірмелер мен діни ғимараттың сақталуы толықтай серіктестіктің жауапкершілігінде.

Инна Корнеева аудан аумағында жүзеге асырылатын қайырымдылық және әлеуметтік-маңызды іс-шараларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін «Жомарт жүрек» грамотасымен марапатталған.

«Аграрлық несие корпорациясының» АҚ Қостанай облысы филиалының директорының орынбасары Мэлс Байболовтың айтуынша, пандемияға қарамастан, қостанайлық шаруалар тиісті мемлекеттік көмекке ие болған. 2020 жылы «Агробизнес» бағдарламасының бағыттары бойынша 55 млрд теңге қаражат жұмсалған. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6,7 млрд теңгеге ірі қара мал сатып алынса, «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 41 млрд теңгенің несиесі берілді.


Соңғы жаңалықтар