Пандемия кезінде 80 мың алматылыққа көмек көрсетілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ Алматы филиалының жетекшісі Бағдат Анарбаева онлайн брифинг барысында пандемия кезінде волонтерлер кімдерге және қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда шамамен 28 ірі волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында «Еріктілер лигасы», «LLIDER.kz», «SOS командасы», «Almaty Volunteers» және тағы басқалары бар. Бұл ұйымдар 50 мыңнан астам волонтерді қатарына тартқан.

Бағдат Анарбаеваның сөзінше, пандемия кезінде қаланың түрлі волонтерлік ұйымдары бірігіп, күшейтілген жұмыс жүргізді, мемлекеттік органдардың жұмысына жәрдемдесіп, Алматы тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетті.

«Игі іске студенттен бастап қарт адамдарға дейін қаланың барлық тұрғындары, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар тартылды, олардың арасында бірқатар ұйымдарды атап өтуге болады. Мысалы, «Алматы Мейірімділер клубы» қоғамдық бірлестігі карантин кезеңінде және бүгінгі күнге дейін қаланың және жақын маңдағы ауылдардағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 1 200 азық-түлік себетін жинап, жеткізді. Сонымен қатар, қарттар үйіндегі 310 адамға көмек көрсетілді»,– деді спикер.

Карантин күшейтілген кезде клуб еріктілері 80 жұқтыру ошағына жетекшілік етті, үнемі қашықтықтан байланыста болды және қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді үнемі жеткізіп отырды.

Оқу жылының басында 200 оқушыға кеңсе заттары таратылды. Қыс мезгіліне қарай 15-ке жуық көпбалалы отбасы мен жалғыз басты қарияларға көмір түсіріп берді.

«Төтенше жағдай кезінде медициналық еріктілер қаланың карантиндік және провизорлық стационарларында көмек көрсетті, шет елдерден отандастарын қарсы алды, карантин туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, эпидемиялық анамнез жинады және ПТР әдісімен коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтауға талдау жасауға көмектесті.Сонымен қатар, 50-ге жуық медициналық волонтер қаланың модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы, ПТР-зертханалары мен провизорлық орталықтарына жұмысқа тартылды»,– деді Бағдат Анарбаева.

Қалада пандемия кезінде қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар, сонымен бірге, қалалық демеушілер, меценаттар және кәсіпкерлер 80 мыңнан астам мұқтаж адамға жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге көмек көрсетті.


Соңғы жаңалықтар