Пандемия елімізде вирусологтар мен эпидемиологтардың тапшы екенін көрсетті – ЖОО ректоры

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин медицина саласындағы маман тапшылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медицина саласындағы маман тапшылығы барлық уақытта болған, бұл сала әлеуметке бағытталған. Дәрігерлер мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Өздеріңіз білетіндей, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті пандемияның алғашқы күндері эпидемиология, биостатистика, гигиена, вирусология салаларында қажетті мамандарды таба алмады. Бұл ХХІ ғасырда инфекцияны ұмытып кеткенімізді көрсетті. Сондықтан, жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-жабдық саны да айтарлықтай қысқарған», - деді ректор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған онлайн кездесуде.

Спикердің айтуынша, бактерияға қарсы көптеген препараттар бар және оны жеңуге күш-қуат жетерлік. Ал вирустық инфекцияға қатысты бірқатар қиындықтар бар.

«Вакцинация нәтижесінде көптеген инфекциялар жоғалды және ауруханалардағы төсек-орын саны қысқарды. Орын азайған соң дәрігерлерге де қажеттілік азаяды. Эпидемиологтардың азаюының себебі де сондықтан. Қазір вирустың әлемдік пандемияға әкеп соққанын көріп отырмыз. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау, инфекциялық аурулар саласындағы мамандардың тапшы екенін көрсетті. Онсыз да анестезиологтар мен реаниматологтар жетіспейтін еді, өйткені олардың жұмысы – өте қауіпті. Өлім мен өмірдің арасында жатқан науқастармен жұмыс істейді. Анестезиолог пен реаниматологтың кез келген қызметі Қылмыстық кодекс тұрғысынан бағаланады. Сондықтан да көптеген танымал дәрігерлер бұл саладан кетіп қалды», - дейді Талғат Нұрғожин.


Соңғы жаңалықтар