Өзгелердің мүлкін тонағандар ешқашан халқымыздың патриоты бола алмайды - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзгелердің мүлкін тонағандар ешқашан халқымыздың патриоты бола алмайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар ешқашан халқымыздың патриоты бола алмайды. Мұндай адамдар - заңды өрескел бұзған қылмыскер. Олар заң алдында жауап беруі тиіс», - деді Мемлекет басшысы волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ресми ашылуында.

Айта кетейік, елордада Қазақстан Президентінің қатысуымен волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ресми ашылу шарасы өтуде. Кеңсе ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан. Салтанатты рәсімде «QQAZVOLUNTEER.KZ» онлайн платформасының қызметі және волонтерліктің «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» 7 салалық бағыты бойынша алаңдары таныстырылады. Аталған жобаларды жүзеге асыру аясында азаматтардың нақты жергілікті мәселелерді шешудегі талпынысын қолдау үшін шағын гранттар бөлу қарастырылуда.

Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналмақ. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың 10 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында волентерлік жұмыстың негізгі бағыттарын атаған болатын.





Соңғы жаңалықтар