Өзбекстанның ОСК ТМД елдері сайлау комитеттері басшыларының консультативтік кеңесін құруды ұсынды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанның ОСК ТМД-ға мүше мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы бастама көтерді.

Аталған бастаманы Санкт-Петербургте Өзбекстан ОСК басшысы Зайниддин Низамходжаев ТМД-ның Атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Атқарушы хатшысы Виктор Гуминскиймен кездесу барысында талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстан Республикасы Сайлау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл Кеңес азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, Достастық мемлекеттерінде халықаралық стандарттарға негізделген сайлау мен референдумдар өткізу үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында ТМД-ға мүше мемлекеттердің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастыққа ықпал ететін болады», - деп атап өтті З.Низамходжаев.

Өз кезегінде В.Гуминский ТМД-ның Атқарушы комитеті Өзбекстанның ОСК көтерген бастаманы қолдайтынын айтты.

«Өзбекстан Республикасы әзірлеген Консультативтік кеңес туралы ереженің жобасы ТМД-ға мүше мемлекеттердің қарауына жіберілді, жоғарыда аталған ережелер жобасын пысықтау және келісу үшін сараптамалық топтың отырысын 2021 жылдың 30 маусымында бейнеконференция арқылы өткізу жоспарланып отыр»,- деп мәлімдеді В.Гуминский.


Соңғы жаңалықтар