Өзбекстаннан 101 млн теңгенің медициналық жүгін ел аумағына жеткізу мәселесі оң шешілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасынан жалпы сомасы 101 млн теңгенің медициналық гуманитарлық жүктерін ел аумағына жеткізу мәселесі Кәсіпкерлік палатаның араласуымен оңды шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гуманитарлық жүк ағымдағы жылдың 8 маусымында Түркістан қаласы аумағына жеткізілген. Ол кезде Алматы және Түркістан қаласы аумағында енгізілген карантиндік шаралар салдарынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыстары шектелген еді. Серіктестіктің тауарға арналған құжаттарында бұл жүктің гуманитарлық болып табылатынын және коммерциялық мақсатта пайдаланылмайтынын растайтын анықтамасы болмаған.

«Облыс аумағында короновирустық инфекцияның таралу кезінде медициналық бұйымдарға деген жоғары қажеттілікті ескере отырып, біз, яғни Кәсіпкерлер палатасы Түркістан облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен кеден қызметінің өкілдерімен келіссөздер жүргіздік. Көрсетілген шұғыл көмек нәтижесінде гуманитарлық жүк құжаттарын ресімдеу бойынша барлық іс-шаралар дереу аяқталды»,-деп атап өтті облыстық Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Нұрсұлтан Кәрімбаев.

Айта кетейік, рұқсат құжаттарын уақтылы алмаған жағдайда, кәсіпкерге тауар салмағына ҚҚС сомасын, яғни 16 млн теңге төлеуге тура келетін еді. «AIBI-AI» ЖШС тасымалдаған гуманитарлық көмектің ішінде 440 дана аурухана кереуеті мен 150 мың дана медициналық маска, 150 мың дана бір реттік қолғаптар мен 2 500 дана қорғаныс киімі және 1 мың дана термометр бар болған.


Соңғы жаңалықтар