Өзбекстанмен шекаралас ауданда жаңа жұмыс орындары ашылуда

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысында екі жыл бұрын бөлініп шыққан Келес ауданы өз алдына отау құрғалы қарқынды дамып келеді. Өзбекстанмен шекаралас ауданда жаңа мекемелер ашылып, жұмыс орындары ашылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған ауданының даму жұмыстарымен танысып, басым бағыттың бірі қарқынды индустриализацияға берілгеніне көз жеткізді. Аймақ басшысы жұмыс сапарын аудан аумағынан кесіп өтетін республикалық маңызы бар «Жыззақ – Гагарин – Жетісай – Асықата – Қызыләскер – Сарыағаш – Жібек жолы» автомобиль жолының мәселесін анықтаудан бастады.

Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары бүгінде тоқтап қалған. Облыс басшысы мәселені шұғыл шешіп, құрылыс жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Аудан әкімі Ақментай Есбаев қосымша облыстық маңызы бар Абай – Ошақты – Бірлік – Шардара автожолына толықтай жөндеу жұмыстары жүретіндігін баяндады.

Өңір басшысының ауданға жасаған сапары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысумен жалғасты. Өткен жылы бағдарлама аясында 25 нысан жөндеуден өтіп, жаңартылған. Абай ауылындағы ішкі көшелермен қатар, аудандық «Мәдениет үйі» мен орталық спорт алаңының құрылысы қатар жүрген. Өмірзақ Естайұлы Абай ауылының ортасынан қиып өтетін республикалық жолды қайта құрылымдап, 4 жолақты етіп кеңейтуді жүктеді.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы жалпы құны 7 млрд 174 млн теңгені құрайтын Келес ауданындағы «Қызыләскер» қосалқы стансасының құрылысы» нысанында болды. Екі жыл бұрын басталған нысан құрылысын биылғы жылдың тамыз айында толық аяқтау жоспарланған.

Бүгінде қосалқы стансаның құрылысы аяқталып, автотрансформаторларды желіге қосу жұмыстары жүргізілуде. Электр стансасы іске қосылған сәтте, осы аумақтағы 4 ауданның халқы сапалы электр қуатын пайдаланатын болады.


Соңғы жаңалықтар