Өзбекстанда COVID-19 жұқтыру бойынша тағы да антирекорд тіркелді

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда пандемия басталғаннан бері тәуліктік жұқтыру саны бойынша жаңа антирекорд тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сай, өткен тәулікте 843 адам коронавирус жұқтырған, бұл – пандемияның басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін соңғы күндері жұқтыру бойынша антирекорд келесідей жаңарып отырған: 789, 719, 698, 658 және 585.

Статистикаға сәйкес, бұның алдындағы ең жоғары көрсеткіш 2020 жылдың 1 тамызында тіркелген. Ол күні ел аумағында 774 адам коронавирус жұқтырған.

Сонымен қатар бір күннің ішінде 556 адамнан ковидті пневмония анықталған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 521 болған. Одан бөлек, COVID-19-дан сегіз адам қайтыс болған. Пандемияның басынан бері елдегі қайтыс болғандардың жалпы саны – 853.

Еске сала кетейік, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Өзбекстанда 28 шілдеден бастап карантиндік шаралар күшейтілген. 17 шілдеден бастап Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы комиссия 18 жастан жоғары сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету және білім салаларында жұмыс істейтін азаматтарды, сонымен қатар әскерилер мен құқық қорғау органдарында қызмет ететін адамдарды міндетті вакциналау туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде Өзбекстан Республикасының Парламенті халықтың жұмыс істейтін бөлігін міндетті вакциналау туралы заң жобасын қарастыруда.


Соңғы жаңалықтар