Өзбекстан Түркі кеңесінің толыққанды мүшесі болды - Бағдад Әміреев

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Өзбекстан Республикасының Түркі кеңесіне мүшелігі туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы ретінде 2019 жылдың 14 қыркүйекте Өзбекстан Республикасының 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (Түркі Кеңесі) құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялағанын үлкен қуанышпен хабарлаймын.

Бұл қадаммен Өзбекстан Республикасының Түркі Кеңесінің толыққанды мүшесі болды. Осы тарихи шешім Нахчыван келісіміне қол қойылуының 10 жылдығына және 2019 жылы 15 қазанда Бакуде өтетін Түркі Кеңесінің 7-саммитіне тұспа-тұс келіп отыр. Алдағы Саммитте Түркітілдес елдерінің басшылары Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев бастаған бауырлас Өзбек елін ресми түрде құрметпен қарсы алады.

Бауырлас Өзбекстанның Түркі Кеңесі ұжымына кіруін шын жүрекпен құптай отырып, бұл айтулы оқиға Түркі Кеңесінің жұмысына және түркітілдес елдер мен халықтар арасындағы ұдайы дамып келе жатқан ынтымақтастыққа үлкен серпін береді деп санаймын.

Өзбекстан әрдайым Түркі әлемінің аса маңызды факторларының бірі және Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Самарқанд, Бұхара және Хиуа сияқты қалаларымен түркі-ислам дүниесының экономикалық және мәдени бесігі болды. Сонымен бірге, бауырлас Өзбек халығының өзінің бай ұлттық және тарихи мұрасымен әлемдік өркениетке қосқан үлесі зор. Бүгінгі таңда Өзбекстан тек өзінің бауырлас елдеріне ғана емес, сонымен қатар бүкіл аймақ үшін де ынтымақтастық пен дамудың жаңа үрдісін ұсынып отыр.

Осы ерекше сәтті пайдалана отырып, бауырлас Өзбекстанды жаңа дәуірге бастаған Республика Президенті Шавкат Мирзиёевке үлкен құрметімді білдіргім келеді. Өзбекстан мен басқа да түркітілдес елдер арасындағы ғасырлар бойғы мызғымас тамырларына негізделген бауырластық қатынастар Түркі Кеңесінің біртұтастық туы астында жаңа кенестік пен жарқын болашаққа ие болатынына сенімдімін», - делінген Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреевтің мәлімдемесінде.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Өзбекстан Республикасының Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне кіруін қолдайтыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар