Өзбекстан Конституциясының Қарақалпақстанға қатысты баптары өзгермейтін болды

None
None
НӨКІС. ҚазАқпарат – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ел конституциясына Қарақалпақстан егемендігін жоюға қатысты өзгерістерді кері қайтарды. Президент баспасөз қызметінің Telegram арнасындағы хабарға қарағанда, мемлекет басшысы Қарақалпақстанда зиялы қауым өкілдерімен кездесуде осындай пікір айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент бүгін Нөкіс қаласына барып, Қарақалпақстан Жоқарғы Кеңесінің депутаттары және қоғам белсенділерімен кездескен. Оның айтуынша, ел конституциясына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы әлі де халық талқысында.

«Ерекше айтарым, «Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы жалпыхалық талқысынан толық өтеді. Содан кейін азаматтар білдірген пікірлер негізінде Заң шығару палатасы (Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы) оны жетілдіре түседі», - деді Шавкат Мирзиеев.

Президент негізгі заңға халықтың пікірін ескере отырып өзгеріс енгізілетінін айтты.

«Қарақалпақстан Республикасының өзіне тән этникалық, мәдени ерекшеліктері, ұлттық әдет-ғұрыптары мен құндылықтары, айрықша құқықтық мәртебесін ескере отырып, жобадағы Қарақалпақстан Республикасының құқықтық мәртебесіне қатысты нормаларды өзгеріссіз қалдыру қажет деп есептеймін. Яғни, Конституцияның 70, 71, 72, 74, 75-баптары өзгертілмейді», - деп мәлімдеді Өзбекстан президенті.


Фото: ӨР Президентінің баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар