Өзбекстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес - Жансейіт Түймебаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жансейіт Түймебаев Өзбекстанның Министрлер кабинеті жанындағы Шетелдік мемлекеттермен ұлтаралық қатынас және достық байланыс комитетінің төрағасы Р.Құрбановпен кездесті.

Кездесуде Ж.Түймебаев екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар мен қазақ-өзбек ынтымақтастығының бүгінгі күні жаңа сатыға көтерілгенін, тарихы ортақ халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың беріктігін атап өтті.

«2018 жылы Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Шетелдік мемлекеттермен ұлтаралық қатынас және достық байланыс Комитетімен Меморандумға қол қойылған болатын. Біз елдер арасындағы достықты жоғары бағалаймыз, біздің қарым-қатынасымызды жаңа сапалы деңгейге көтеруге әзірміз. 2020-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынамын.

Қазақ-өзбек ынтымақтастығы бойынша соңғы жылдары қол жеткізілген жетістіктер екі туыс елдің байланысының беріктігін дәлелдейді. Нұр-Сұлтан қаласында Ассамблеяның қолдауымен өзбек этномәдени орталықтары биыл үшінші жыл қатарынан өзбек шайыры Әлішер Науаи шығармашылығына арнап әдеби кеш ұйымдастырып келеді. Қазақстанда 2020 жылы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тойланады. Осы тұрғыда Ташкент қаласында «Абай мәдениет орталығын» ашу туралы қазақстандық бастамаға қолдау білдіруіңізді сұраймыз.

Сонымен қатар, Өзбекстанның Олий Мажлисімен Қазақстан Парламентінің арасында тұрақты диалог орнату қажет деп ойлаймыз. Біз Парламентте Ассамблея атынан сайланған көпұлтты Қазақстан халқының ортақ мүддесін білдіретін тоғыз депутатымыз арқылы парламентаралық бағыт бойынша ынтымақтастықта жұмыс жасауға әзірміз» , – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ж. Түймебаев өз сөзінде Өзбекстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктесі екендігін айтты

«Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру, сондай-ақ, өндіріс кооперациясы, ауылшаруашылығы, көлік және транзит салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдануда. Ассамблея құрылымында кәсіпкерлер ассоцияациясы жұмыс жасайды. Осы негізде экономикалық серіктестіктің перспективті бағыттары бойынша ынтымақтастықта жұмыс жүргізуімізге болады. Екіжақты қарым-қатынастың динамикасына баға бере отырып, Қазақстан алдағы уақытта да стратегиялық ынтымақтастықты, жан-жақты серіктестікті дамытуға күш салуға мүдделі екенін айтқым келеді», - деді ол.

Айта кету керек, іс-сапар бағдарламасында Өзбекстанның мемлекет қайраткерлерімен кездесу, «Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз» І халықаралық конференциясы, Өзбекстандағы қазақ диаспорасы мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін Елбасының жалпыұлттық келісім үлгісіне арналған дөңгелек үстел және «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабының таныстырылымы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар