Өзбекстан халқының 95 пайызы коронавирус вакцинасының бірінші дозасын алды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда 18 жастан асқан халықтың 95 пайызы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде вакцинаның 57 350 731 дозасы егілген.

Оның бірінші дозасын 20 520 052 адам, екінші дозасын 16 826 588 адам, үшінші компонентін (ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасы үш дозамен енгізіледі) және бустерлік дозаны 20 004 091 өзбекстандық салдырған.

«Бірінші дозамен вакциналау көрсеткіші елдегі екпе алуға жарамды ересек тұрғындардың 95,6 пайызын құрайды», - деп хабарлады Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінен.

Ведомство атап өткендей, 12-18 жастағы жасөспірімдерді вакциналау үшін екпенің 1 568 882 дозасы пайдаланылған.

Оның бірінші дозасымен 850 948 бала, екінші дозасымен 669 571 және бустерлік дозамен 48 363 жасөспірім егілді.

Бұған дейін Өзбекстанда вакцинация AstraZeneca, ZF-UZ-VAC2001, «Спутник-V», Moderna, Pfizer және Sinovac сияқты алты препаратпен жүргізілгені хабарланған болатын.

Республикада 2021 жылдың 3 тамызында жұмыс істейтін халықты міндетті вакциналаудың құқықтық негізін бекітетін заң қабылданды.


Соңғы жаңалықтар