Өзбекәлі Жәнібековтен қалған істі жалғастыру біздің буынға бұйырыпты - Нұрболат Ахметжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановпен сұхбат құрды.

- Нұрболат мырза, әуелі қорық-мұражай туралы қысқа-нұсқа ақпарат беріп өтіңізші. Құрамына қандай нысандар кіреді?

- Қорық-музей әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің базасында құрылған. Ал кесененің 1385-1405 жылдары Әмір Темірдің пәрменімен Ясауи бабамыздың моласының үстіне салынғанын тарихтан білесіздер. Біздің музей 1978 жылы құрылған. Оған мұрындық болған – Өзбекәлі Жәнібеков. Қазіргі «қорық-музей» мәртебесін алғанына көп болған жоқ. «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» деген ресми атауы бар. Штатта 100 адам жұмыс істейді. Қорық-музейдің аумағы 88,7 гектар. Кешен төрт қақпадан тұрады. Төрт қақпа төрт бағытқа қарап тұр. Яғни, Жеті Ата қақпасы, Дарбаза қақпасы, Мүсәлла қақпасы және Тәкия қақпасы. Бұл қақпалар туралы Қоқан хандығы кезінен қалған деректер бар. Сол деректер бойынша тарихи қақпалар қайта бой көтерді. Қорық-музей болғаннан кейін құрамына бірнеше нысан кіреді. Мысалы, Ясауи кесенесінен бөлек, XVI ғасырда салынған, сонау 1975-78 жылдарға дейін жұмыс істеген Шығыс моншасы бар. Ол жерде қылует дейтін жерасты мешіті бар. Қожа Ахмет Ясауи 63 жасқа келгенде «Мен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жасына келдім, енді маған жарық дүние көруге болмайды деп, жерастынан мешіт жасап, сол жерде күнелткен екен. 128 жасқа дейін қалған өмірін сол қылуетте өткізді деген деректер айтылады. Сол қылуетте жатып бірнеше құнды еңбектерін қалдырған. «Диуани хикмет» те сол кезде жазылған. Исламды, шариғат заңдарын өлең тілімен берген ең маңдайалды еңбектерінің бірі ғой. Бұдан бөлек қорық-музейдің аумағында Жұма мешіті бар. Кезінде Қожа Ахмет Ясауидің үйі сол жерде тұрған екен. Кейін өзі дүниеден өткеннен кейін, жұмада келіп намаз оқитын мешіт қылып алған. Жұма мешіті болып аталатыны сондықтан.



Осы Түркістан қаласында Гауһар ана кесенесі бар. Ол –Ясауидің қызы. Әлқожа ата кесенесі деген де бар. Ол – Ясауи бабамыздың күйеу баласы. Сауран қалашығы да осы музейдің қарамағына енеді. Үкәша ата кесенесі мен құдығы біздің музейге қарайды.

- Туристер көбіне қай елден келіп жатыр?

- Пандемияға байланысты шетелден келушілер аз. Ішкі туризм дейміз ғой, Қазақстанның қалаларынан келіп жатыр, Әсіресе жанымыздағы Шымкент пен Қызылордадан келушілер көп. Әуе қатынасы ашылғаннан бері Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келушілер көп. Эпидемиологиялық жағдай реттелсе, мамырда Түркияның әуе жолдары ашылады. Онда Түркиядан келушілер көбейеді. Өзбекстан мен Қырғызстаннан қатынайтын пойыздарды Түркістан арқылы өткізу қолға алынбақ. Жалпы туристердің көбеюі жоспарланып отыр. Алдағы 3-4 жылда келушілер саны 3 млн адамнан асады деген жорамал жасап отырмыз.

-Шетелдік туристерді қарсы алуға мамандарыңыз дайын ба? Тіл білу жағынан қандай талап қойып отырсыздар?

- Барлық гидтер кемінде 3-4 тіл біледі. Ағылшын, өзбек, түрік тілдерінде сөйлей алады. Түркістанда Халықаралық қазақ-түркі университеті бар. Былтыр Туризм және қонақжайлық универсиеті ашылды. Ол жерде де бізге мамандар дайындайды. Туристер қаптап келсе де мамандар сапалы қызмет көрсетуге дайын. Тек қана қаланың инфрақұрылымын дамыту керек Қонақүйлер көп керек. Тамақ ішетін орындар көп керек. Сол кезде Түркістан екінші Меккеге айналады деп топшылауға болады.

Сауран топырағының қасиеті

-Түркістан түрленген тұстан бастап археологиялық зерттеулер жанданды ғой. Қандай нәтиже бар?

- Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен Жеті Ата қақпасына дейінгі аумақтың тарихи панорамалық түрін қалпына келтіру үшін Орталық магистралды көшені қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Хан ордасына қарсы бетте көлемі 40х40м мешіт-медресе орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Кесененің батыс бұрышынан магистралды көшенің екі жақ бетіндегі тұрғын үйлерді аршу барысында қарама-қарсы орналасқан екі мұнараның орны табылды.


Кесененің оңтүстік бөлігінде орналасқан Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан табылған керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары – XVIII-XIX ғасырларға тән, өзіндік ерекше маңызы бар сирек кездесетін орындар.

Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен Керуен сарайының қабырғаларындағы құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар ерекше назар аудартады.

- Керуен сарай деп отырғаныңыз керуендер дамылдайтын орын болған ғой сонда?

- Керуен сарайының қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, «мүричә» деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар. Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да ерекше назар аударатын жаңалықтардың бірегейі. Бұл –Түркістанда табылған алғашқы мектеп. Археологтар тапқан ерекше олжаларының бірі – керамикалық цех орны. Мамандардың айтуынша, бұл жерде ыдыс-аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін кешенді цех болған. Әр түрлі үлгідегі 8 пештің орны қазылды. Кешенде саз илейтін, ыдыс-аяқ жасайтын, кептіретін, күйдіретін, сақтайтын орындардың барлығы қарастырылған.

- Керамика цехында құйылған кірпіштердің Ясауи кесенесін салуға қолданылған жоқ па екен? Археологтар бұл жағын зерттеді ме?

- Бұл жерде нақты кесіп айту үшін кешенді зерттеу жүргізу қажет шығар. Дегенмен, осы цехтан шыққан өнімдер Ясауи кесенесінің құрылысына қолданылылған болуы мүмкін деген болжамдар бар. Мысалы, Сауранның топырағының қасиеті туралы аңыз бар. Сол аңыз бойынша Сауранның топырағынан құйылған кірпіштен Ясауи кесенесі тұрғызылған. Құрылысшылар 40 шақырымдық тізбекке тұрып, кесенеге кірпіш тасыған деседі. Кесененің кірпіштері осы күнге дейін сақталып отыр. Қалыңдығы 2,5-3 метрге дейін барады. Ішіне кіріп, кірпішін қолмен ұстағанда 6 ғасырды бойынан асырып бізге жеткенін сезінесің.


-Түркістан өркениетінің монша мәдениетін дәлелдейтін тарихи орындар туралы не айтасыз?

-Мамандардың зерттеуі нәтижесінде көне шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы да бірнеше бөлмелерден тұрғаны белгілі болды. Су резервуары сияқты – сардоба да сақталған. Құрылыстан бөлек қызметкерлер үшін арнайы бөлмелердің болуымен де ерекшеленеді. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын хауыз тәріздес ыдыс та сақталған.

Сонымен қатар, Ясауи кесенесі мен Жеті Ата қақпасына дейінгі магистралды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізілді. 620 метрлік негізгі көшенің бойында қазылған 170 метр аумақ зерттеліп, хан мешіті жанынан ұзындығы 70 метр, ені 25 метр болатын хандардың жеке намаз оқитын «махсура» бөлмесі мен әскери мұнаралар, мешіт мұнаралары мен қонақ қабылдайтын «мәлзел» бөлмесі анықталды. Жеті Ата қақпасына дейінгі магистралды көшеден табылған кешенді құрылыстар XV-XVI ғасырларға тиесілі.

Сондай-ақ, көше бойындағы XVIII-XIX ғасырға тән ғимараттар кейін көпшілікке қызмет көрсететін дүкенге, асханаға айналған. Бірнеше жыл бұрын магистралды көше бойынан Есім хан ордасы мен мешіті табылған болатын.

3000 жылдық тарих

- Жұма күні өткен халықаралық бейнеконференцияда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Күлтөбедегі зерттеулер туралы айтып қалды. Бұл қандай нысан?

- Түркістанның дәуірлеп тұрған бір кезеңінде Ясы қаласы болды. Кейін Күлтөбе деп аталды. Ал Қазақ хандығының тұсында Түркістан болып түледі. Археологтар зерттей келіп, Түркістан қаласының тарихы 3000 жылға жуықтайды деп отыр. Өйткені Өзбекстандағы Бұқара, Самарқан қалаларымен тамырлас. Яғни, сол жылдары пайда болған, Жібек жолының бойындағы рөлі үлкен қаланың бірі болған ғой. Жалпы Түркістанның өміршеңдігіне Қожа Ахмет Ясауидің осында жасап, осында жерленуі себепкер болды деп ойлаймын.

Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің территориясында «Күлтөбе» археологиялық паркін ашуға дайындалып жатырмыз. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «ERG» компаниясының демеушілігімен 2019 жылы басталып, 3 жылға жоспарланған. Археологиялық қазбалар мен қалпына келтіру жұмыстарын Қазақ ғылыми зерттеу институты жүргізіп келеді. 2019 жылы Күлтөбе қалашығының өзінде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын көше, сол көшенің бойындағы тұрғын үйлер мен шеберхана құрылыстарының орындары ашылды. Былтыр сол құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

- Музейдің жәдігерлер қоры туралы айтыңызшы? Ясауи тұтынды дейтіндей мұралар бар ма?

- Музей қорындағы жәдігерлердің жалпы саны былтыр 24 507 дана болған. Биыл 82 дана зат музей қорына қабылданды. Оның 18 данасы негізгі қор есебіне, 64 данасы ғылыми көмекші қор есебіне алынды. «Ясауи ізімен» жобасының аясында музей экспозициясына «Диуани хикметтің» түпнұсқа қолжазба нұсқасы, сонымен қатар 1887-1901 жылдары Қазанда, 1901 жылы Ыстанбұлда, 1902-1911 жылдары Ташкент баспаларынан жарық көрген нұсқалары, хикметтің латын тілінде жарық көрген нұсқасы қойылды. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында 3000-ға жуық жазба ескерткіш сақталса, оның ішінде 440-ы көне баспа кітап, 160-ы түрнұсқа қолжазба, 21-і тарихи құжат болса, 11-і жаңа құнды кітап. Музей экспозициясына 591 кітап пен 20-дан астам этнографиялық жәдігер қойылған.

800 жылдық асатаяқ



- Кесененің ең бір құнды дүниесі кітапхана болған деседі. Оны қалпына келтіру бойынша не істеліп жатыр?

- Тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кітапхана бөлмесі 1950 жылдарға дейін жұмыс істеп, иін тіресіп тұрған діни кітаптар кейіннен қолды болған екен. Кітапхана және оның қоры жөніндегі деректер 1913 жылы «Қазақ» газетіне басылған Міржақып Дулатовтың «Хазірет Сұлтан» мақаласынан, А.Семеновтың 1922 жылы кесенені арнайы комиссия құрамында көріп шыққан соң жазған қорытынды жазбасынан, 1928 жылы кесенені зерттеген М.Е.Массон еңбектерінен кездестіруге болады.


Қазіргі таңда кітапхананы жаңғыртып, ортағасырлық стильдегі кітапхана етіп қойдық. Кезінде ол жерде небір құнды діни кітаптар шашылып жатқан екен. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ғой. Өйткені қараусыз қалды. Совет заманында дін туралы айтуға, діни адамдары уағыздауға шек қойылған. Көптеген мұрадан сол кезде айырылдық. Кітапханада XІІІ ғасырдың құраны болған. Қазір ол Алматыдағы ұлттық кітапхананың қорында сақтаулы тұр. Сол кезде бір жанашырлар Алматыға апарып, сақтап қалған. Жалпы көп дүние жоғалып кетті.


- Талай кітап қолды болған дедіңіз. Қолды болған тек кітап қана емес шығар. Олардың ұшығын табу мүмкін бе? Іздеу салып жатырсыздар ма?

- Қожа Ахмет Ясауиге қатысты деректер мен мұраларды жан-жақты зерттеу, іздеу, ұрпаққа аманаттау үшін былтырдан бастап қолға алынған «Ясауи ізімен» ғылыми-экспедициялық жобасы аясында көптеген жетістіктерге қол жеткізе бастадық. Экспедиция жұмысын Ахмет Ясауи өмірге келген Сайрам ауданындағы, Махмұт шайық бейіті жанындағы қара шаңырақтың орнынан бастап, ата-анасы Ибрахим шайық пен Қарашаш ана кесенесінен және ең алғашқы ұстазы Ақ ата бейітінен бастап, Созақ, Жамбыл өңірлерін араладық. Биыл іздеу жұмыстарын Өзбекстан Республикасының Наманған қаласынан бастадық. Жуырда ғана сол қалада тұратын 98 жастағы Ибрахимжан ақсақалдан Ясауи бабамыз ұстаған мөр мен көне шежірені таптық. Ал Түркістанның жанынан Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын атаға тиесілі 800 жылдық асатаяқ, Әзірет Сұлтан бабамыздың жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты қолжазба табылды.

40 жылдан кейінгі қайта өрлеу

- Өзіңіз атаған өзгерістер мұнда келушілердің санын арттыра алды ма?

- 2019 жылы біздің қорық-музейге 1 млн 148 мың адам келді. 2020 жылы пандемия болды да, музей 6 ай бойы жабық тұрды. Әрине, көрсеткіштер төмендеп кетті. Былтыр келгендердің саны – 382 606 адам. Оның ішінде Үкаша ата кесенесіне 26 474, Жүсіп ата кесенесіне 1 799, Гаухар ана кесенесіне 34 425, Сауран қалашығына 18 411 адам бас сұқты. 2018 жылы Түркістан облыс орталығы болса, жуықта өткен ТМЫК-тың бейресми саммитінде түркі мемлекеттерінің басшылары бірауыздан Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы етіп жариялады. Түркістанның мәртебесі көтерілген сайын, бізге келушілердің де саны артып жатыр. Түркістанға келген адам Ясауи кесенесіне зиярат жасамай кетпейді. Өйткені ол жерде Қожа Ахмет Ясауиден бөлек қазақтың 21 ханы, 8 сұлтан, 28 би, 63 батырымыз жатыр. Музей мамандарының зерттеуі бойынша, бұл жерде жерленген жайсаңдардың саны 228 адамға жетіп отыр. Тарихи деректер мен құжаттарға сәйкестендіріліп, есімдері белгілі болған марқұмдардың саны 300-ден асады. Міне, 40 жылдан астам тарихы бар Әзірет Сұлтан музейі қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Өзбекәлі Жәнбеков бастаған істі жалғастыру біздің буынға бұйырып отыр.

- Сұхбат барысында Үкәша ата және Жет Ата деген есімдерді көп атадыңыз. Бұлар кімдер?

- Үкәша ата деген кезінде біздің жерге араб елінен келген уағыздаушы болған. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жанында жүрген, оққағары болған адам екен. Аңыз бойынша қазақ топырағында қайтыс болған. Таң намазында дұшпандары басын шауып жіберген деседі. Айта берсек, аңызы көп. Шабылған басы домалап барып құдыққа түскен. Сол су қасиетті Меккеден бірақ шығып, басы сонда жеткен деген аңыздар бар. Сахабалар танып, пайғамбардың жанына жерлеген дейді.

Жеті Ата қақпасы – жеті бірдей атамыздың жерленген жері. Жетеуі де Ясауи бабамыздың шәкірттері. Жалпы Ясауидің шәкірттері оның ілімін бүкіл түркі әлеміне таратқан. Соның ішінде 100-ден астам мемлекетке Ясауи ілімі жеткен. Бір Түркияның өзіне 73 шәкірті барған.

- Бір жылдары Ясауи кесенесінің айналасы қарақшы мен қайыршының ордасына айналғаны туралы дабылдар көп айтылып кетіп еді. Қазір ондай проблема бар ма?

- Осыдан 2-3 жыл бұрын осы жерде теріс қылықты дүниелер, тәртіпсіздіктер болды. Қайыр тілеуді кәсіп еткендер көп жүретін. 2-3 жылдан астам уақыт болды. Оның бәрінен тазарды. Бәрін жөнге келтірдік. Жабайы сауда-саттық орындары сүрілді. Соның арқасында лас аурадан тазарды. Қазір бұл жерде туристер мен қонақтар ғана жүреді. Қарап отырсаңыз, адамдардың қатынасы да өзгерді. Өзім осында алғаш жұмысқа келгенде алаяқтықтың құрбаны болғаным бар. Бір бала жүгіріп келіп, Алматыдан келген студент екенін, құжаты мен ақшасын жолғатып алғанын, үйіне қайта алмай жүргенін айтты. Жаным ашып 5000 теңге ұстатып жібердім. Жұмысқа келіп айтсам, бәрі кім екенін танып отыр. Қазір оның бәрінен арылдық. Әлі де сақтықты әлсіреткен жоқпыз. Туристік полиция да көмектесіп жатыр. Мен осында жұмыс істеп жатқалы 3,5 жылдан асты. Мен келгеннен кейін көп өтпей қаланың мәртебесі өзгеріп, Түркістан түрлене бастады. Сол қарқыннан қалып қоймайық деп, біз де қорық-музейдің жұмысын жандандырып жатырмыз. Үш жылдың ішінде көп өзгеріс болды. 7-8 жыл бұрын келген адамдар қазір танымай қалып жатыр десе болады. Түркістан ғана емес, кесененің айналасы да қатты өзгерді. Әлі де түрлендірсек деген ниетіміз бар.


Соңғы жаңалықтар