Отырар ауданында үш елді мекенге көгілдір отын тартылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Ақтөбе елдімекендеріне табиғи газ берілді. ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында Жаңа Шілік ауылында өткен тарихи шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев пен аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген сенатор Әлімжан Құртаев ауыл тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Айтулы шара барысында аудан басшысы Әбдіғали Жүнісов те жиналған жұртшылық алдында елді мекендерге газ жеткізу мәселелері қаралып жатқанын атап өтті.

«Әрбір отбасының берекесі, жылуы – ошағы. Бүгін Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Ақтөбе елді мекендеріне берілген көгілдір отын әрбір отбасына жылылық сыйлап, ертеңгі күнге деген сенімдерін еселей түсері сөзсіз. Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ауылдарды көркейту, ауыз сумен қамту, көгілдір отын жеткізу, халықтың әл-ауқатын арттыру қазіргі күннің басты міндеттері болып отыр. Мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің даму кезеңіндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бүгінгі газ беру жұмыстары елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің тартуы деп білемін. Сондықтан да аталған ауылдардың тұрғындарын бүгінгі айтулы мереке қарсаңындағы қуаныштарымен құттықтаймын!» - деді Әбдіғали Айтжанұлы.

Бүгінде аудан көлеміндегі 22 елдімекенге табиғи газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта Қарақоңыр, Ш.Қалдаяқов, Қоғам елдімекендерінде де газ құбырларының құрылысы аяқталып, көгілдір отынға қосу жұмыстары жүзеге асырылуда. Жаңа Шілік ауылына тартылған жалпы газ құбырының ұзындығы 14146,5м метр болса, жергілікті жердегі 324 үй және 9 басқа да нысандар табиғи газбен қамтылған. Шара барысында ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарап, құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқарған мердігер мекемелердің қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар