Отставкадағы судьяларға МӘМС жүйесінде медкөмек алу құқығы берілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Отставкадағы судьяларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқық берілетін болады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутатының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізе отырып, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылған азаматтардың 15 санаты бойынша мемлекеттің жарналарына, оның ішінде зейнеткерлерге жалпы сомасы 1 154868,4 млн теңге, атап айтқанда 2020 жылға – 316975,2 млн теңге, 2021 жылға – 390631,9 млн теңге, 2022 жылға – 447261,3 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 5-бабына сәйкес отставкадағы судьялардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы жоқ. Өйткені зейнеткерлік заңнамаға сәйкес судьялардың «зейнетақы төлемдерін алушылар» деген мәртебесі жоқ», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның атап өтінше, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын отставкадағы судьяларға жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалмайды. Отставкадағы судьялар бюджет қаражаты есебінен өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын адамдар санатына жатады және зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылмайды. Бұл ретте, отставкадағы судьяларға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым зейнетақы төлемдеріне кірмейді. Өйткені «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен реттеледі.

«Осыған байланысты, Жоғарғы Сот жоғарыда аталған Заңға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын судьяларды мемлекет есебінен МӘМС-ке жарналар төлеуден босатылатын адамдар санатына қосу бөлігінде түзету енгізу жөніндегі мәселеге бастама жасап отыр. Ала есептеулер бойынша жылына 18 миллион теңге мөлшерінде қосымша қаражат талап етіледі. Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта мемлекет халықтың 15 санатын (балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар) жарналар төлеуден босататынын атап өтеді және бұл шамамен 10,8 млн адамды құрайды. Бұл объективті себептер бойынша кірістер ала алмайтын немесе кірістері жоқ ел халқының жартысынан көбі», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, Жоғарғы соттың ұсынысы заңнамада белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталуда. Осы жылғы 10 ақпанда МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет ұсыну мәселелері Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Қаржы министрліктерінің өкілдерін шақыра отырып, Жоғарғы сотта өткен жеке кеңесте қаралып, онда Денсаулық сақтау министрлігі Заңның 14-бабының аясында МӘМС-ке жарналарды төлеу тетігін ұсынға. Заңның 14-бабының 4-1-тармағына сәйкес «жарналарды дербес төлейтін адам» (дербес төлеушілер) санаты бойынша МӘМС-ке жарналар төлеуді олардың өздері не олардың пайдасына үшінші тұлға жүзеге асырады. Басқаша айтқанда, зейнетақы төлемдерін алушы болып табылмайтын зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьялар үшін МӘМС-ке жарналарды Жоғарғы сот республикалық бюджет есебінен төлей алады.

«Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылға осындай адамдар саны 620 адамды құрайды, оның ішінде қазіргі уақытта 72 адам (оның ішінде 56 адам – бірыңғай жинақтау зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылар, 16 адам – республикалық бюджет қаражаты есебінен жасы бойынша зейнетақы төлемдерін алушылар) зейнетақы төлемдерін алушылар ретінде сақтандырылған болып табылады. Қалған адамдар үшін МӘМС-ке жарналар төлеуге арналған шығыстардың сомасы айына 1,2 млн теңгені немесе жылына 14 млн теңгені құрайды. Сот органдарына көрсетілген қаражатты бөлу мәселесін белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару жоспарлануда. Баяндалғандарды назарға ала отырып, ұсынылып отырған тәртіп осы жылғы 1 сәуірден бастап зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларды МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке құқықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар