Өткен жылы теріс әрекеттері үшін 37 судья қызметінен босатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылы теріс әрекеттері үшін былтыр 37 судья қызметінен босатылған.

Мұндай статистиканы 2019 жылдың қорытындысы бойынша елордада өткен қазақстандық соттардың кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір жылдың ішінде теріс әрекеттері үшін былтыр 37 судьяны қызметінен босату туралы кеңес берілді. Мен бұл ретте соттардың тәртіптік жауапкершілігі артқанын айтып отырмын. Бұл нұсқауды соттар қазір шынында сезе бастады», - деді Жақып Асанов.

Оның айтуына қарағанда, 2015-2018 жылдар аралығында да теріс әрекеттері үшін 37 судья қызметінен кеткен.

«Ал былтыр біз бір жылдың ішінде ғана осынша судьяны жұмыстан босату туралы кеңес беріп отырмыз. Бұл ретте дұрыс сот шешімін шығармай жатқандарды, аттестаттаудан өтпей, сот этикасын бұзғандарды босаттық. Не үшін теріс әрекеттері үшін қызметінен қуа бастадық? Мұндағы бір фактор – өткен жылдан бастап жаңа институт, атап айтқанда Әділқазылық сапасы бойынша комиссия жұмысын бастады. Оның міндеті – соттардың жұмысының кәсіби сапасын әділ бағалау. Судьялар бұрын өз жұмысының дұрыс бағаланбайтынын айтып, құр сандармен жұмыстарына баға берілетінін алға тартып шағымданатын. Ал түптеп келгенде күрделілігі бойынша істер де әртүрлі болады», - деді Жақып Асанов.

Оның сөзіне сенсек, күрделі істер бойынша қайта шағымдану жағдайы көп.

«Өткен жылдың қыркүйегінде үздік әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, әрбір сотқа баға беру тұрғысынан бірегей әдістемені бекіттік. Бұрын жалпы соттардың 1 пайызы ғана аттестаттаудан өтпей қалатын. Яғни, 100 судьяның біреуі ғана. Қазір олардың 10 пайызы өтпей қалып жатыр», - деді Жақып Асанов.


Соңғы жаңалықтар