Өткен жылы теміржолдан өту ережесін бұзған 25 мыңнан аса адам жауапқа тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 25 мыңнан аса азамат әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, еліміздің көлік полицейлері жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін Көліктегі полиция департаментінің және оның желілік бөліністерінің қызметкерлері теміржолдарда болатын жарақаттардың алдын алу үшін профилактикалық іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады.

Алайда, жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздік ережелерін бұзу әрекеттері әлі де жалғасуда.

Мәселен, ағымдағы жылғы 7 қаңтарда Шортанды стансасында жүк поезы теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған ер адамды басып кетті. Ол алған жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Қазір осы факті бойынша ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігі, яғни, қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережесін бұзу салдарынан абайсызда кісі өліміне әкеп соқтыру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ж. Байкеновтың айтуынша, өткен жылы теміржол төсемін белгіленбеген орындардан кесіп өткен 25 293 азамат анықталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ, поездарды шұғыл тежеудің 2505 фактісі тіркелді. Олардың 650 оқиғасы адамдардың болуына байланысты, 1667-сң жолда малдың жүруіне байланысты болған. Бұған қоса, теміржол үстіне бөгде заттар қойып кетудің 188 фактісі тіркелген.

Көлік полицейлері ересектерге, әсіресе, балаларға теміржол көліктерінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, темір жолдардан өткенде тек қана арнайы белгіленген орындардан, яғни, жаяу жүргіншілер өткелдері, көпірлер және темір жол өткелдері арқылы ғана өту қажеттігін тағы да ескертеді.

Кәмелетке толмағандардың теміржол инфрақұрылымы нысандарында ересектердің қадағалауынсыз болуына жол бермеу қажет.

Полиция қызметкерлері ата-аналардан отбасында балаларға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды теміржолда қараусыз қалдырмауларын сұрайды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары, тиісті заңнамаларға сәйкес теміржол ережелерін бұзғаны үшін азаматтардың әкімшілік жауапқа тартылатындықтарын ескертеді.



Соңғы жаңалықтар