Өткен жылы қанша бухгалтер жауапкершілікке тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде саладағы ереже бұзушылықтың негізгі көлемі бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібімен байланысты. Бұл туралы аудиторлық қызметке қатысты заң жобасы таныстыру кезінде Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған заң жобасында мемлекеттік мекемелерде электронды бухгалтерлік есепті енгізуді қарастырып отырмыз. Осындай қадамдар бүгінде барлық мемлекеттік органдарда жүргізілуде. Аталған норма бухгалтерлік есепті жүргізу ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған. Бүгінде саладағы ереже бұзушылықтың негізгі көлемі бухгалтерлік есепті (77 пайыз) жүргізу тәртібімен байланысты», - деді О. Өксікбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мәліметі бойынша 2019 жылы 59 млн теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке 1 400-ден астам бухгалтер тартылды.

«Жалпы алғанда заң жобасын қабылдау және іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және мемлекеттік аудит жүйесі мен аудиторлық қызметті одан әрі жетілдіруге ықпал етеді», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Құжат аясында аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі тәуелсіз органды құру, яғни Кәсіби кеңестің жұмысын ұйымдастыру ескерілген.



Соңғы жаңалықтар