Өткен жылы 14 мың қазақстандық жеңілдетілген ипотека алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамыту туралы Президент тапсырмалары қалай іске асқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,3 млн шаршы метр немесе 140 мың тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2019 жылғы кезеңнен 17% жоғары.

«Рекордтық көлемге жету үшін біз жергілікті атқарушы органдарды 281,2 млрд теңгеге қаржыландырдық. Әкімдіктер 28 мың пәтерді немесе елде салынған тұрғын үйдің жалпы көлемінің 20%-ын белгіленген бағамен тапсырды. Отбасы банкі арқылы халыққа «Бақытты отбасы» және «5-10-20» әлеуметтік бағыттарын қоса алғанда, 145,7 млрд теңгеге 14,3 мың жеңілдетілген несие берілді. Биыл алдымызға аңағұрлым биік міндет қойылды – бұл барлық қаржы көздері есебінен 17 млн шаршы метр немесе 163 мың тұрғын үй салу», - деді Ә. Омарқожаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Алматы облысының тұрғыны Ұлзира Төлепберген – «Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспана алған жандардың бірі.

«Мен жалғызбасты анамын және мүгедек бала асырап отырған отбасы санаты бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспана алдым. Шамамен 7-8 жыл бойы отбасымызбен пәтер жалдап жүрдік. Коммуналдық төлемдерді қосқанда ай сайын 60 мың теңге төлейтін едік. 2018 жылы әкімдікке баспана кезегіне тұрып, Отбасы құрылыс жинақ банкінен (Қазіргі «Отбасы банк» - ред.) есепшот аштым және ай сайын 50 мың теңгеден ақша жинадым. Әкімдік бағыт-бағдар беріп отырды және бастапқы жарна үшін 500 мың теңге есепшотыма аударды. Бұл – жалғызбасты аналар үшін үлкен көмек», - дейді Ұ. Төлепберген ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша, ірі қалаларда 15 млн теңгеге дейін, ал облыстарда – 10 млн теңгеге дейін баспана алуға болады.

«Ол үшін әкімдікке кезекке тұру анықтамасы, балалардың туу туралы куәлігі, некені бұзу туралы куәлік, баланың мүгедектігі туралы құжат және жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама өткіздім. Бастапқы жарнаға алатын үйдің 10 пайызын жинау керек. Әкімдік қосқан 500 мың теңгеге өзім жинаған 500 мың теңгені қосып, Талғар қаласынан үш бөлмелі пәтер алдым. Үйіміз кең, 92 шаршы метр, екінші нарықтан өзім таңдап алдым», - дейді Ұ. Төлепберген.

Сонымен бірге, биыл 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп қосымша тетіктер әзірлеген.

«Ең алдымен, Отбасы банк базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылады, осылайша тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу және кезекке қою бір орталықтан жүзеге асырылады. Заңнамалық өзгерістер қабылданған соң, бұл орталық жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорымен біріктіріледі. Блокчейн және смарт бридж технологияларын қолдана отырып, барлық бизнес-процестерді автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтарды есепке алу мен тұрғын үйді бөлуде адами факторға жол бермей, ашықтықты қамтамасыз етеді. Ал құжаттарға қол қою және тіркеу уақыты 3 есеге, яғни 3 күннен 1 күнге қысқарады», - дейді спикер.


Соңғы жаңалықтар