Өткен жылдың жоғары базасы аясында инфляцияның бәсеңдеуі күтіледі – Ұлттық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов елдегі инфляция, оның негізгі құраушы бөліктері мен базалық мөлшерлеменің өсу себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Ақылжан Мәлікұлы, Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Базалық мөлшерлеме бойынша бұл шешім жалпы инфляцияны төмендету жөніндегі саясаттың бір бөлігі ме?

– Әрине, базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны одан әрі төмендетуге бағытталған және бұл инфляцияға қарсы жалпы саясат негіздерінің бірі саналады.

2021 жылдың желтоқсанында шешім қабылдаған уақытта, біз инфляция мен инфляциялық болжамдардың орнықты факторларының тұрақтануын қадағалайтынымызды, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату туралы шешім қабылдайтынымызды атап өткен едік.

Естеріңізге сала кетейік, инфляция бойынша 2022 жылға арналған нысаналы бағдар – 4-6%, ал 2023 жылдан бастап ол 4-5% дейін төмендейді. Президент орта мерзімді перспективада инфляцияны 2025 жылы 3-4% дейін төмендетуді тапсырды. Межелі бағдарды біртіндеп төмендетудің бұл траекториясы 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясында да қамтылған.

Монетарлық саясаттың трансмиссиялық тетігі инфляцияға кешігіп әсер ететінін ескерсек, қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін біз қазірден бастап барлық тәуекел ескерілген қажетті ақша-кредит шарттарын әзірлеуіміз керек. Осыған байланысты Ұлттық банк инфляцияны төмендету және инфляциялық болжамдарды орнықтыру мақсатында дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыра береді.

2021 жылғы монетарлық саясаттың жүзеге асырылу нәтижелері туралы білсек деп едік. Өткен жылы жүргізілген инфляцияға қарсы шаралар инфляция динамикасына қаншалықты әсер етті?

– Естеріңізге сала кетейін, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін жүзеге асыра бастады. Бұл бірінші кезекте, инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыруға бағытталған болатын.

Соның арқасында 2021 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімі 9,9% дейін төмендетілді және бұл жалпы бағаның өсуінде үлесі қомақты болған азық-түлік инфляциясының тұрақтануына (9,9%) оң әсер етті.

Ұлттық банк өз тарапынан дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүзеге асырды. 2021 жылғы шілдеден бастап базалық мөлшерлеме үш рет, жалпы алғанда 9,0%-дан 9,75%-ға дейін яғни 0,75 п.т.-ға көтерілді.

Осылайша, Үкіметтің, Ұлттық банктің және жергілікті атқарушы органдардың бірлесе жұмылуымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 8,5% шегіндегі инфляция деңгейіне қол жеткізілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4% болды. Бірақ, бұл әлі де біздің межемізден жоғары және бағаның мұншалықты өсуі біздің экономикамызға кері әсерін тигізуде.

– Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі сол бұрынғыша инфляцияға әсер ететін негізгі үлес болып санала ма?

–Иә, негізгі үлесазық-түлік тауарларында. Осы ретте ескеретін жайт, өткен жылдың желтоқсан айында азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны айтарлықтай төмендеп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 9,9% құрады.

Айта кеткен жөн, Үкімет пен әкімдіктер негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұруға және олардың ірі қалаларға жеткізілу тізбегіндегі «осал жерлерді» анықтап, реттеуге күш салды. Бұл азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2020 жылмен салыстырар болсақ, өткен жылы көптеген азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді. Көкөністер мен жемістер (жылдық өсу қарқыны 10,6%, 2020 жылы - 14,1%), май (17,6%, 2020 жылы - 21,6%), қант (15,1%, 2020 жылы-32,8%) сияқты тауарлардың инфляцияға үлесі төмендеді. Алайда, кейбір жекелеген азық-түлік түрлері үшін 2021 жылғы дақылды астық шығымының нашар болуына байланысты қалыпты баға өсімі әлі де сақталып отыр.

Жалпы алғанда, азық-түліктің әлемдік нарығында да осыған ұқсас жағдай орын алып отыр – өткен жылдың желтоқсан айында ФАО азық-түлік бағаларының индексі бір айда 0,9%-ға біртіндеп төмендеді, бірақ жылдық бағаның өсуі әлі де өте жоғары – 23,1%. Яғни, индекс соңғы 10 жылдағы ең жоғары мәндердің бірін көрсетіп отыр.

– Ал инфляцияның өзге де негізгі құраушы бөліктері туралы не айтасыз? Мәселен азық-түлікке жатпайтын инфляцияға тоқталсақ?

Азық-түлік тауарларында инфляция бәсеңдегенімен, керісінше, халықтың шектеу шараларына бейімделіп, тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, сондай-ақ өнім өндірушілерде шығынның артуы өткен жылы азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының жедел өсуіне алып келді.Күллі әлемде жалғасып жатқан жеткізу тізбегінің бұзылуы, сауда саласындағы негізгі серіктес елдерде де инфляцияның шарықтауы – бағаның өсуіне мейлінше әсер етті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша, 8,5% деңгейінде қалыптасқан азық-түлік емес инфляцияға энергия ресурстарының (жанар-жағармай, дизель отыны, сұйылтылған газ) қымбаттауы анағұрлым көп үлес қосты, жалпы азық- түлік емес инфляция 3,2 п.т. немесе ~38% болды. Бұл өнімдердің қымбаттауы экономикаға тікелей әсер етіп қана қоймады, өндірісі мен логистикасында ЖЖМ қолданылатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеріп, сол арқылы қосымша жанама түрде инфляциялық қысым тудырылды.

Сонымен қатар, пандемия басталған уақыттағы бағалар мен тарифтер өсімін ұстап тұру да мүмкін болмай қалды. 2021 жылы жекелеген коммуналдық қызметтерге бағаның өсуі тіркелген болатын, оның ішінде электрмен жабдықтау – 9,3%-ға, газбен жабдықтау-5,5%-ға өсті. Сұранысты қайта қалпына келтіру және ЖЖМ бағасының қымбаттауы көлік қызметі бағасының артуына ықпал етті. Офлайн дәсүрлі оқу форматына қайта оралу да өз кезегінде тұрғын үй жалдау (19,8%), білім беру қызметтерінің (7,9%) қымбаттауына себепші болды. Сондай-ақ, импорт құнының көтерілуі мен зейнетақы жинақтарын шешіп алудың салдарынан құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарының бағасы шарықтады.

Базалық инфляция динамикасын зерделеу – талдау жасаудың негізгі бөлігі болып табылады. Оны есептеудің бірнеше тәсілі бар, мәселен, инфляцияның ең құбылмалы құраушыларын алып тастау арқылы. Тұтастай алғанда, базалық инфляция дегеніміз ауытқымалы құраушылардан тазартылған инфляцияның жалпы динамикасы, сондықтан ол инфляциялық процестердің тұрақты бөлігін көрсетеді. Міне, осылайша, базалық инфляцияның траекториясы өткен жылы инфляциялық процестердің баяулауының тұрақсыздығын және олардың нысаналы дәлізден жоғары қалыптасуын көрсетеді. Мұнда маңыздысы, оның 2021 жылдың тамыз-қараша айларындағы бәсеңдеуінен кейінгі оған қатысты түрлі бағалаулар 2021 жылдың желтоқсанында оның қайта үдегенін көрсетті. Бұл реттелмейтін тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі жоғары болуымен байланысты.

– Осы инфляциялық процестерді ескере отырып, инфляцияға қарсы ден қою шараларының қабылданған кешенін қаншалықты тиімді деп санайсыз?

– Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар шаралар кешенін іске асыруға өткен жылдың қыркүйегінде кірісті. Алайда, тұтыну нарығындағы қазіргі проблемалар тек қысқа мерзімді ғана емес, сондай-ақ, орта мерзімді шараларды да қабылдауды талап етеді. Сондықтан Шаралар кешенінің жүзеге асырылуының толық нәтижесін біз әлі көре алмаймыз. Бұл жұмыстар жалғасатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шаралар кешені осы жылдың ақпан айының соңына дейін өзектендіріліп, орта мерзімді кезеңде инфляцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін және оның 2025 жылы 3-4% дейін баяулауына ықпал ететін жаңа шаралармен толықтырылатын болады.

Мысал ретінде айта кетейін, өткен жылы Үкімет ӘМАТ бағасын ұстап тұруға күш салды. Бұл азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға және төмендетуге әсер етті.

Алайда, ӘМАТ құрамына 160 азық-түлік тауарынан 19 позиция немесе инфляция есебінде ескерілетін тұтыну қоржыны салмағының 11% ғана енеді. Инфляцияның қалыптасуында азық-түлік үлесінің қомақты екенін ескерер болсақ, ӘМАТ тізіміне енбеген өзге де азық-түлік түрлеріне назар аударуымыз қажет.

Жалпы, инфляцияға қарсы шаралар нарықтық қағидаттарға негізделуі керек және мұнда Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, басы артық делдалдық пен мемлекеттің нарықтық процестерге араласуын қысқартуға байланысты құрылымдық өзгерістер болуы керек. Бұл шаралар инфляция мен болжамдарды 2025 жылдан бастап 3-4% ортамерзімді мақсатты дәлізге төмендетуге мүмкіндік бере отырып, Ұлттық Банктің макроэкономикалық және оның ішінде ақша-кредит саясатының тиімділігін арттырады.

Мемлекет басшысының жыл басында берген тапсырмаларының іске асырылуын ескере отырып, 2022 жылға арналған инфляция бойынша сіздің берер бағаңыз қандай?

– Өткен жылдың жоғары базасы аясында инфляцияның бәсеңдеуі күтіледі. 2022 жылы бәсеңдеудің негізгі драйверлері ретінде инфляцияға қарсы ден қоюдың жаңартылған шаралары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеу, сондай-ақ реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасын осы жылдың бірінші жартыжылдығында өсіруге мораторий енгізу шараларын атауға болады.

Сондай-ақ, инфляцияның бәсеңдеуіне өткен жылдың жоғары базасының статистикалық нәтижесі ықпал етеді, былтыр көптеген азық-түлік, ЖЖМ, және жекелеген қызмет бағаларының өсуі орын алған болатын.

Ұлттық банктің Үкіметпен бірлескен шаралар нәтижесі ескерілген осы жылдың қаңтарындағы жаңартылған бағалауларына сәйкес, 2021 жылдың жоғары базасынан инфляциялық процестердің одан әрі баяулауы күтіледі. Осы жылдың соңына қарай инфляция 6-6,5% дейін баяулайды.

Әрине, біз инфляцияның межелі дәлізіне қол жеткізуге тырысамыз, қазіргі уақытта бұл деңгей – дәліздің 4-6% жоғарғы шегі болып табылады. Міне, сондықтан, базалық мөлшерлемені 50 б.п.-ға көтеру туралы шешім қабылданды.

– Базалық мөлшерлеме жөніндегі шешімнің теңгелік активтердің тартымдылығын арттыратыны түсінікті. Ұлттық банк осы бағытта әрі қарай не істеуге ниетті және бұл долларлануға қалай әсер етеді?

– Ұлттық банк теңгелік құралдардың тартымдылығына бірінші кезекте базалық мөлшерлеменің өзгеруі арқылы әсер етеді.

Биылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді олардың мерзіміне қарай 1-2 п.т.-ке арттырды. Осылайша, 11 қаңтардан бастап 3 және 6 ай сақтау мерзімі бар жинақ депозиттері бойынша мөлшерлемелер толықтырумен 12,8% және толықтырусыз 13,3% дейін көтерілді. 12 ай жинақ мерзімі бар депозиттер бойынша да тиісінше 13,7% және 14,9% дейін өсім болады.

Базалық мөлшерлемені арттыру жөніндегі шешім ҚДКБҚ-ның шекті мөлшерлемелеріне де ықпал етеді, мерзімсіз депозиттердің мөлшерлемесі артады, бұл – халық депозитеттерінің қомақты бөлігін құрайды.

Бұдан басқа, 2021 жылдың желтоқсан айы соңында Мемлекет басшысы теңгедегі жинақ салымдары бойынша кепілдік өтемнің ең жоғары мөлшерін 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған заңға қол қойды. Қабылданып жатқан шаралар теңгелік салымдардың тартымдылығын арттыруға және долларландыруды 2016 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан 70% 2021 жылдың қараша айына қарай 37,2% дейін төмендетуге ықпал етеді.

Долларсызданудың негізгі факторы макроэкономикалық тұрақтылық болып табылатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп берді. Шетел валютасындағы активтердің артықшылығын төмендету және олардың ұлттық валютаға ауысуы үшін инфляцияның төмен деңгейін қамтамасыз ету маңызды болып табылады, бұл халық пен бизнесті қаражатын ұлттық валютада сақтауға ынталандырады. Осыған байланысты Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп инфляцияны одан әрі тұрақтандыру жөнінде бірлескен шаралар қабылдайтын болады.

– Ұлттық банктің инфляцияны төмендету жөніндегі алдағы жоспарлары қандай, келесі шешімдерді қабылдау үшін не маңызды?

– Қазір макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды. Өз тарапынан Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды және дезинфляциялық саясат жүргізуді жалғастырады.

Шешім қабылдау кезінде біз тәуекелдер балансына қараймыз. Өткен жылдың соңына қарай инфляцияның баяулауының тұрақсыздығы және азық-түлік емес инфляцияның жеделдеуі, онымен бірге жоғары инфляциялық болжамдар – Ұлттық банктің мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдауына себепші болды. Қазір Үкімет әзірлеп жатқан инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені тиімді болады деп күтеміз.

Бұдан кейінгі шешімдер сыртқы сектор тәуекелдерін жүзеге асыруды, эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және инфляцияны төмендетуге орнықты тренд қалыптастыруды ескере отырып қабылданатын болады.

Шешім қабылдаудағы талдаудың маңызды факторы – Үкіметтің инфляцияға қарсы саясаты шараларының нәтижелері болмақ.

Үкімет пен Ұлттық банктің үйлестірілген шараларын сәтті іске асыру Мемлекет Басшысы қойған мақсатқа қол жеткізу мақсатында 2025 жылы инфляцияны 3-4% дәлізінде төмендетуге және тұрақтандыруға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар