Өткен тәулікте Қазақстан жолдарында 750 адам құтқарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда елде автомобиль жолдарының 95 учаскесі жабық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтанда жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Штабтардың құрамында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар мен Әкімшілік полиция комитеттерінің және Ұлттық гвардия қызметкерлері бар.

Өткен тәулікте дауылды ескерту 13 өңірде жарияланып, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 61 учаскесі, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 34 учаскесі жабылды. Республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының 3 учаскесінде жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылған болатын.

Айта кету керек, құтқарушылар мен жол қызметтерінің жұмыскерлері қар құрсауынан 750 адамды құтқарды. Олардың 82-сі – бала. Қауіпсіз жерге шығарылған 447 адамның ішінде 11 бала бар. Жалпылай алғанда, 1380 автокөлікке көмек көрсетілді.

Республикалық маңызға ие «Нұр-Сұлтан – Шучинск» жолында екі бағытта да көлік құралдарынан құралған ұзын-сонар кептелістің қалыптасуына орай Ақмола облысында аса күрделі жағдай орын алды. ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп, 26. 01. 2020 сағат 15:00-де екі бағыттағы көлік құралдарының легін арнайы техниканың, патруль көлігінің сүйемелдеуімен өткізу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, төтенше жағдайлар мен оқиғалар қаупі туралы халықты ескерту мақсатында азаматтардың ұялы телефондарына 224 СМС-хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 367 хабарлама жіберіліп, «қауырт желі» телефонына 155 қоңырау келіп түсті.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 913 адам мен техниканың 607 бірлігі жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар