Өткен ғасырда фашистер тұтқынына түскен қазақтардың тағдыры қалай өрбіді – Ғалымдар зерттеуі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда фашист тұтқынына түскен 47 мыңнан астам қазақ аман қалған. Оның 23 мыңы Қазақстанға қайтарылды, ал қалғандарының тағдыры белгісіз. Бұл туралы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, комиссия қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымов ғалымдар мен сарапшылардың тұжырымдамаларын және зерттеулерін негізге ала отырып айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресейде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының төрағасы Александр Яковлевтің бастамасымен Президент Б. Ельцин 1995 жылдың 24 қаңтарында фашистік лагерьлерге түскен әскери тұтқындар мен жер аударылған азаматтарды ақтау туралы жарлық қабылдады. Әрине, бұл жарлық қазақстандық әскери тұтқындарға қолдануға келмейтін еді. Өкінішке орай, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау немесе әскери тұтқындардың істерін қайта қарау туралы бірде-бір акт қабылданбады. Біздің қазақстандықтар қандай жағдайлар мен себептер бойынша тұтқынға түскені зерттелмеді. Германияға қызмет етуге ант қабылдаудан бас тартқаны үшін, тұтқыннан қашқаны үшін атылған азаматтарымыздың саны мен аттары да анықталған жоқ. Осы уақытқа дейін қаза тапқан қазақстандықтардың нақты саны, фашистік лагерьлерде қаза тапқан отандастарымыздың саны, олардың қаншасы тірі қалып, қаншасы ақталып шыққаны белгісіз», - деді Сабыр Қасымов, «1939-1945 жылдары фашистік Германияда және «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындар бойынша материалдар жинау» жөніндегі семинарда.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде 1939-45 жылдары фашистік Германияда, Финляндияда және Еуропаның басқа да елдерінде тұтқында болған, Кеңес одағында қайта қуғынға ұшыраған әскери тұтқындарды толық ақтау туралы тапсырма берді.

«Шын мәнінде соғыс тұтқындары, оның ішінде қазақстандықтар, бірінші рет тұтқынға түскенде Гитлер режимінің ұлттық шовинистік фашистік саясатының құрбаны болды.

Оларды жаппай атты, газ камераларында өртеді, ғылыми мақсатта пайдаланды, аш ұстады, құл ретінде мәжбүрлеп ауыр жұмыстарға салды, себебі Совет Одағы 1929 жылғы әскери тұтқындарды қорғау жөніндегі Женева Конвенциясына қол қоюдан бас тартты. Ал соғыс аяқталып, тірі қалған кеңестік тұтқындар отанына оралғаннан кейін екінші рет тоталитарлық сталиндік биліктің құрбаны болды. Совет одағының сол кездегі басшылығы өз азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратпауға уәде беріп, соңынан оларға қайтадан жүйелі саяси қуғын-сүргін шараларын жүргізді. Германияда неміс халқы өткен іске өкініп, әлі де кешірім сұрап келеді. Олар Гитлер режимінің нақты құрбандарына және олардың ұрпақтарына моральдық және материалдық өтемақылар төледі. Ал сталинизмге саяси репресия жүргізгені үшін өкінішке орай, тиісті баға берілмеді», - деді С. Қасымов.

Ресми деректер бойынша, 1941-45 жылдары 1 млн 200 мың қазақстандық соғысқа шақырылған. Оған қоса, сол кездегі қызыл әскер қатарында 178 мың азаматымыз қызмет еткен.

«Сонда Қазақстаннан барлығы 1 млн 378 мың сарбаз соғысқа аттанған. Қазақстандағы жұмылдыру коэффициенті 22 пайызды құрады, бұл бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Өздеріңіз білетіндей, соғыстың алғашқы айларында Беларусьті толығымен және Украинаны фашистер басып алды. Біздің сарапшы ғалымдар ғылыми-аналитикалық әдістердің негізінде 255 мыңнан астам қазақстандық Германия басып алған аумақтарда тұтқында болғанын есептеп шығарған және бұл тұжырымға Ресейлік және шетелдік сарапшылар да қосылды. Тұтқында болған 128 мыңнан астам қазақтың соғыс аяқталғанда 47 мыңнан астамы ғана аман қалған. Оның ішінде 23 мың 143 әскери тұтқын соғыстан кейін Қазақстанға қайтарылды. Қалғандарының тағдыры белгісіз. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, олардың бір бөлігі америкалық және ағылшын билігінің көмегімен басқа елдерге жіберілген. Бір бөлігін Кеңес әскерлері Батыс одақтастарынан тұтқындарды алған кезде-ақ атып тастаған. Ал кейбіреулері КСРО-ға тасымалдау кезінде қайтыс болған немесе өз-өзіне қол жұмсаған», - деді Сабыр Қасымов.

Айта кетейік, бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 1939-1945 жылдары фашистік Германияда және «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындар бойынша материалдар жинау жөнінде семинар өтті.

Бұған дейін С.Қасымов 3 миллион 900 мың кеңес әскері тек бес айдың ішінде КСРО басшылығының кінәсінен фашистердің тұтқынына түскенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар