Отандық вакцина ДДСҰ тіркеуінен қашан өтуі мүмкін – министр жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық вакцинаның халықаралық деңгейде мойындалуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцинаны халықаралық ауқымда тану рәсімінің өте ұзақ екенін білесіздер. ДДСҰ вакцина өндірісі бұрыннан жолға қойылған елдің екпелерін тез мойындайды. Өйткені ондай жерлерде тұтас жүйе орнатылған. Қазақстан мұндай аккредиттеуден алғаш рет өтіп отыр. Ол көп нәрсеге байланысты: зертхананың аккредиттелуіне, өндірістік базаға, құжаттардың қалыптасуына, халықаралық басылымдардағы жарияланымдарғ байланысты. Қазір біз соның бәрін қалыптастырып жатырмыз. Тәжірибе де жинақталуда. Аккредиттеуден өтуге қажет құжаттардың бәрін дайындап жатырмыз», - деген ведомство басшысы отандық екпенің ұлттық реттеушінің тіркеуінен өткені оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне кепіл екенін атады.

«ДДСҰ мақұлдаса да, мақұлдамаса да, отандық екпе біздің Ұлттық реттеушінің тіркеуінен өтті және тиімді әрі қауіпсіз екенін дәлелдеді. 20-дан астам елмен өзара вакцинация паспорттарын мойындау туралы келісім бар екенін білесіздер. Бұл олардың вакцинаның қуатын және Ұлттық реттеушінің қорытындысын мойындайтындығын білдіреді. Сондықтан вакцинамызды халықаралық деңгейде таныту ісі – Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына кіргізу сияқты ұзақмерзімді міндет», - деді Алексей Цой.


Соңғы жаңалықтар