Отандық такси платформалары жасала ма – Еңбек министрінің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова отандық такси платформаларын құру туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі такси платформаларының көбі шетелдік. Такси жүргізушілері де «Яндекстің» комиссиясы өте жоғары екенін, табыстың бір бөлігі шетелге кетіп жатқанын айтуда. Оларды отандық платформаға ауыстыру қаралып жатыр ма?» - деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет отырысынан кейін.

Өз кезегінде Т. Дүйсенова барлық процестің нарық талабынан туындайтынын, отандық платформаларға да еш кедергі жоқтығын атап өтті.

«Сондықтан нарыққа отандық платформалар өздері шығып, азаматтарға жұмыс беретін болса, оған ешқандай кедергі, қарсылық жоқ. Әзірге біздің экономикамыздағы платформалар – осы. Олар Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, Қазақстанға салығын төлеп отыр. Азаматтарға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Енді осы азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін шешу міндетін қойып отырмыз. Оған да келісті. Қазір пилотты түрде бастап, жыл соңына қарай, заңға өзгерістер енгіземіз», - деп жауап берді Еңбек министрі.

Бұған дейін Тамара Дүйсенова Яндекс, Убер, Вольт және Глово платформаларында жұмыс істейтіндердің де әлеуметтік құқықтары қорғалатынын айтқан еді.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов та онлайн платформаларға қатысты пилоттық жобаны қолдайтынын айтты.




Соңғы жаңалықтар