Отандық IT-мамандар қазақстандықтарға ТЖ кезінде қалай көмектесуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төтенше жағдай кезінде отандық IT-компаниялар коронавирустың таралуына қарсы әрекет ету, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан оқыту және басқа да бағыттарда 50-ден астам әзірлеме жасап, кейбірін жетілдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың айтуынша, ТЖ кезінде көптеген IT-компаниялар әлеуметтік жауапкершілік алып, көмек қолын созды.

«Еліміздегі ІТ-қоғамдастықтың өзіне әлеуметтік жауапкершілік алған сәттері аз емес. Әріптестер азаматтарға жаңа өмір салтына бейімделіп, қызметтерді қашықтан алуға қажетті түрлі әзірлемелер жасауға белсенді қатысты», - деді А.Оспанов.

Мысалы, ЭЦҚ-ны қашықтан алу қызметін «ҰАТ» АҚ BTS Digital компаниясымен бірлесіп іске асырды. Компания қашықтан сәйкестендіру сервисін тегін ұсынды. Бүгінде 215 мыңнан астам қазақстандық ЭЦҚ-ны онлайн ресімдеді.

Денсаулық сақтау саласына қатысты 15 түрлі шешім бар. Атап айтқанда, Ұлттық сараптама орталығында зертханалық зерттеулер жүргізу процесі автоматтандырылды, COVID-19 деректерді басқару жүйесі құрылды. Smart Astana мобильдік қосымшасында «Мен карантиндемін» функциясы іске қосылды. Ал «eGov mobile»-да COVID-19 тестілеу үшін сауалнаманы толтыру мүмкіндігі пайда болды. Айта кету керек, бұл шешімдердің басым бөлігі тегін жасалды.

help.coronavirus2020.kz порталын іске қосу - отандық айтишниктердің жұмысының нәтижесі. Сонымен бірге, екінші деңгейлі банктер шотты онлайн ашу қызметін шұғыл түрде ұсынды. Блокбекеттерден өту рәсімін тездету үшін iQala.kz порталында Qorgan сервисі, сондай-ақ жүк тасымалдаушыларға берілетін рұқсатты электронды тексеру қызметі және басқалары іске қосылды.

IT-компаниялар қазақстандықтарға білім беру саласындағы өз өнімдерін пайдалануда бірқатар жеңілдік ұсынды. Мысалы, «BilimmediaGroup» және «DarynOnline» платформалары өз сервистерін ақысыз режимге көшірді. Platonus компаниясы 1 шілдеге дейін елдегі бүкіл колледждерді өз жүйесіне тегін қосуға ниетті. «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығы қашықтан оқыту және тестілеу жүйесін тегін ұсынды. Отандық байланыс операторлары болса, барлық білім беру ресурстары үшін жұмсалған трафикті тарифтемейтін болды.


Соңғы жаңалықтар