Отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында көрсеткіштер қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына қарай әр салада атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып жатыр. Ел экономикасының маңызды салаларының бірі ауыл шаруашылығына тиесілі екені белгілі. Биыл 11 айда ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 5,3 пайызға артып, 5,9 трлн теңгені құрады.

Биылғы пандемия жағдайын қарамастан, фермерлер 20,8 млн тонна деңгейін астық жинады. Бұл өз кезегінде еліміздің ішкі қажеттіліктеріне, сондай-ақ тиісті көлемдегі астықты экспортқа бағыттауға мүмкіндік береді. Осы орайда Қазақстан астық державасы мәртебесін сақтап қалуға қауқарлы болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл орылған астықтың сапасы жоғары деңгейде. Бидайдың жалпы көлемінде 1-3 санатқа 80 пайызы еніп отыр, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 53 пайыз болған еді.

Биыл күзде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің алынған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік беретінін айтқан еді. Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа-райы жағдайлары мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті.

Бұдан бөлек, биыл 4 млн тонна картоп, 4,3 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна бақша дақылдары мен 297,2 мың тонна мақта жиналды. 2,5 млн тонна майлы дақыл бастырылды.

«Ет өндіру көлемі 3,7 пайызға, сүт өндіру 3,2 пайызға артты. Ірі қара мал басы 8,6 пайызға, жылқы 11,7 пайызға, қой мен ешкі саны 7 пайызға өсті», - делінген министрлік ақпаратында.

Есепті кезеңде азық-түлік өндіру 3,6 пайызға артып, 1,7 трлн теңгеге жетті.

Белгілі болғандай, өңделген күріш көлемі 23,5 пайызға, сары май 21,5 пайызға, шұжық өнімдері 11,8 пайызға, макарон 8,1 пайызға, қышқыл сүт өнімдері 4,4 пайызға, ірімшік пен сүзбе 3,3 пайызға өсті. Сонымен қатар ұн (2,8 пайызға) мен жарма (2,1 пайызға) өнімдерін дайындау ісі алға басқан.

Азық-түлік тауарының негізгі түрлері бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз немесе одан артық деңгейде, ал кейбір тауарлар 100 пайыздан артық қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молайтуға қатысты Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндетін алға қойды.

Биыл қазан айында өткен Үкімет отырысында ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізілетіні айтылды.

Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100 пайызға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз және одан астам. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы – ФАО-ның сыныптамасы бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту шараларын іске асыру қажет. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Осы бағытта ҚР АШМ Ішкі нарықты отандық өнімдермен молайту жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды.

Өнімдердің аталған 6 түрі, атап айтқанда алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант пен құс еті бойынша өндірісті ұлғайту үшін келесі 3 үш жылдың ішінде жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте, ішкі нарықты осы азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады.

Өткен жылмен салыстырғанда мына өнімдер бойынша қамтамасыз етілу деңгейі артты:

- күнбағыс майымен – 19,5 пайызға (92%-дан 112,4%-ға дейін),

- макарон өнімімен – 8,2 пайызға (108,9 %-дан 117,1%-ға дейін),

- ірі қара мал етімен – 0,9 пайызға (95,7 %-дан 96,8%-ға дейін),

- күрішпен – 0,3 пайызға (98,3 %-дан 98,6%-ға дейін).

-ұнмен – 4,9 пайызға (188,5 %-дан 193,4%-ға дейін).

Негізгі капиталға салынған инвестицияға тоқталсақ, ауыл шаруашылығындағы инвестициялар 4,7 пайызға артып, 454,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, азық-түлік өндіруге бағытталған инвестиция 18,6 пайызға жоғарылап, 86,5 млрд теңгеге жетті.

Мұнымен қоса, өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің эскпорты 17,3 пайызға артты, яғни 871 млн АҚШ долларынан 1 млрд долларға дейін.


Соңғы жаңалықтар